Жаңалықтар

Түркі академиясының басшысы танымал татар ғалымы, фольклортаушы Фатих Урманчеевтің дүниеден озуына байланысты көңіл айтты

Сексен бес жасқа таяған шағында белгілі татар ғалымы, Татарстан Ғылым академиясының мүшесі, фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Фатих Урманчеев қайтыс болды.

Осыған орай Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі марқұмның туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.

«Өз атымнан және Халықаралық Түркі академиясының ұжымы атынан көрнекті татар ғалымы Фатих Урманчеевтың отбасы мен достарына, шәкірттері мен әріптестеріне көңіл айтамын.  Фатих Ибрагимұлының қайтыс болуы Татарстан Республикасы мен бүкіл түркі әлемі үшін орны толмас ауыр қаза» – деді Академия басшысы.

Айта кету керек, Фатих Урманчеев 1936 жылы 28 мамырда Омбы облысы, Азов ауданы, Қызыл Маяк татар ауылында дүниеге келген. 1992 жылдан бастап Татарстан Республикасы Ғылым академиясының Г.Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институтында еңбек етті. Ол өзінің ғылыми қызметін түркі және татар халық ауыз әдебиетінің шығармаларын зерттеуге арнады. Фатих Урманчеев татар халқының фольклорі, тарихы, этнографиясы, әдебиеті және мәдениетіне қатысты оннан астам монография мен ғылыми еңбектердің авторы.

Close