Жаңалықтар

Түркияда Ұлы дала тұлғалары ұлықталды

Академия басшысы Дархан Қыдырәлі Түркияда Ұлы дала тұлғаларын ұлықтаған жиынға қатысты.

22 ақпан күні Анкара қаласында Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігі, Халықаралық Түркі академиясы және Еуразия Жазушылар Одағы «Ұлы Даланың көрнекті тұлғалары: Абай, Фараби және Жамбыл» атты іс-шара ұйымдастырды. 2021 жылы Ұлы Дала жыраулық дәстүрінің көрнекті өкілі Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы аталып өтілуде. Аталмыш басқосуда 2020 жылы «Адамзаттың екінші ұстазы» атанған Әл-Фарабидің 1150 жылдық және ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған арнайы іс-шаралардың жалғасы сипатында болды.

Жиын барысында Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы 2020 әл-Фараби және Абай жылы аясында өткізілген іс-шаралар туралы баяндап берді. Бұдан соң, ол Жамбылдың мұрасының маңыздылығына тоқталды.

2021 жылдың бүкіл Түркі әлемі үшін маңызды мерейлі межелерді атап өтетін жыл болатынын еске салған елші Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы да кең көлемде аталып өтілетінін айтты.

Алқалы жиында сөз сөйлеген Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі әлемді алаңдатқан пандемияға қарамастан, Абайдың мерейтойының Түркияда кең ауқымда тойлануының түрік халқының Қазақстанға деген ықыласының көрсеткіші болып табылатынын айтты. «Ахмет Ясауи, Сұлтан Алпарслан, Хажы Бекташ Вели, Ахи Евран, Фараби, Абай және Жамбыл – біздің ортақ құндылықтарымыз» деп айтқан ол осы тұлғалар арқылы Түркі әлемінің бірлігі нығайып келе жатқанына назар аударды.

2020 жылдың Абай, Әл-Фараби және абыз Тоныкөк жылы ретінде атап өтілгенін айтып өткен Д.Қыдырәлі осы орайда Түркияның ЮНЕСКО Ұлттық Комиссиясы мен ТҮРІКСОЙ ұйымына алғысын білдірді.

Құттықтау сөздерден кейін Мырзатай Жолдасбековтың «Дала әдебиетінің ұлы ақыны Жамбыл» атты кітабының түрік тіліне аударылған нұсқасының тұсаукесері болды.

Шара барысында, Қазақстан Республикасының Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлына, ТҮРІКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновке, Түркі Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Сұлтан Раевқа Түркі Академиясының арнайы құрмет көрсетіліп, сый-белгісі табыс етілді.

Сондай-ақ, Түрік тілі қоғамы жоғары мекемесінің төрағасы, профессор Гүрер Гүлсевин және Түркия Республикасының ЮНЕСКО Ұлттық комиссиясының төрағасы, профессор Өжал Оғыз Халықаралық Түркі академиясының В.Томсен медалімен марапатталды. Ал Йозгат Бозок университеті Экономикалық және саяси ғылымдар факультетінің деканы, профессор Күршад Зорлу, Еуразия Жазушылар Одағының төрағасы Якуб Өмероғлы, танымал қаламгер, аудармашы Зафер Кибар және  «TRT Avaz» телеарнасының координаторы Седат Сағыркая Түркі академиясының Күміс медалімен марапатталды.

Сонымен қатар, Түркі әлемінің жанашыры, зерттеуші Генжехан Туна, «Yerli Düşünce» (Жергілікті көзқарас) журналының бас редакторы,Түркия Ұлттық Мәжілісінің депутаты Метин Гүндоғды, Памуккале университетінің оқытушысы профессор Нергис Бирай, «Анадолу» мемлекеттік ақпарат агенттігінің бас редакторы Метин Мутаноғлы, «Dil ve Edebiyat» журналының құрылтайшысы Экрем Эрдем,  Муғла Сыткы Кожаман университетінің оқытушысы, профессор Экрем Аян, Анкара Қажы Байрам Вели университетінің оқытушысы, профессор Гүлжанат Құрманғалиева Эржиласун, Анкара Қажы Байрам Вели университетінің оқытушысы, доцент Жемиле Кынажы,  İHA ақпарат агенттігінің тілшісі Ирфан Чалышкан, «24 KZ» телеарнасының Түркиядағы өкілі Меруерт Памбетова, Түркі академиясының Алғыс хаттарымен және Абай жылына арналған сый-белгісімен марапатталды.

Close