Жаңалықтар

Түркі кеңесінің бейресми саммиті өтті

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің онлайн форматтағы бейресми саммиті өтті.

Бауырластар басқосуына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедов, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысты.

Сонымен қатар, жоғары деңгейдегі басқосуға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі де қатысты.

Жиын барысында бауырлас мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық және оны одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Алқалы жиынды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырды.
«Біздің мақсатымыз – түркі әлемін 21 ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды ең алдымен Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамын. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болды», – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, қазіргі заманда гуманитарлық және академиялық ықпалдастықтың өзектілігі артып келе жатқанын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев, іргетасы орта ғасырда қаланған Түркістан шаһарының археологиялық және ғылыми тұрғыда әлі толық зерттелмегенін атап өтті.

– Сондықтан ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясының Түркістан өңірінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса мән беруі өте орынды. Бұдан бөлек тамырластық символы ретінде Түркістанда халықтарымызға ортақ сәулет нысанын салсақ, құба-құп, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесіннің Құрметті төрағасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесінің болашағы туралы құжат әзірлеп, оны Түркияда өтетін алдағы саммитте қабылдау қажеттігін айтты.


«Менің бірінші ұсынысым: біз әрі қарай дамуды жалғастыруымыз керек, сонымен қатар, Түркі кеңесінің болашағына қатысты құжат қабылдауымыз керек. Бакуде өткен Саммитте мен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің мәртебесін Ұйым деңгейіне көтеруді ұсындым», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Түркі кеңесіне мүше елдердің басшыларын Анталия дипломатиялық форумына және одан кейін өтетін Түркі кеңесінің 8-ші саммитіне шақырды. «Анталия дипломатиялық форумы маусым айы ішінде өтеді. Форум түрлі салада пікір алмасу алаңы ретінде жұмыс істейді. Сонымен қатар Түркі кеңесінің 8-ші саммитін 2021 жылдың 12 қарашасында Ыстанбұлда өткіземіз деп жоспарлап отырмыз», – деді Түркия Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Режеп Тайип Ердоған Түркі академиясы мен Түрік Мәдениеті және мирасы қорының бюджетіне міндетті жарналар аударуға қатысты хаттамаларға қол қойылғаны туралы айта келіп: “Біршама мерзім ерікті түрде аударылған жарналармен жұмыс істеп келген осы екі ұйымға қатысты хаттамалардың тезірек күшіне енгені дұрыс болар еді”, – деп атап өтті.

Жиында сөз алған Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров: «Ежелгі Түркістан қаласы туралы әлем елдері жақсы біледі және шаһар түркітілдес елдердің тарихына алтын әріппен жазылған. Бұл қала түркітілдес әлемнің бірлігінің символы, сондай-ақ түркі өркениетінің негізі деп айтуға болады», – деді.

Өзбекстан Президенті Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Даму банкін құруды ұсынды.

«Түркі кеңесінің өзінің инвестициялық қорын құратын және Даму банкін құратын кез келді. Біз бұл бағытта нақты жұмыстарды бастауға дайынбыз », – деді өз кезегінде Ш.Мирзиёев.

Саммит барысында Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі тарихи басқосуды түйіндей келе,«Түркістан декларациясын» қабылдауды ұсынды.

«Кеңесіміздің мәртебесін арттырып, институционалды құрылымын нығайту мақсатында оны толыққанды ұйымға айналдыру уақыт талабы. Осы ұсынысты саммит қорытындысы бойынша қабылданатын «Түркістан декларациясына» енгізіп, бекітуді ұсынамын», – деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келелі кеңес қорытындысы бойынша тараптар бірауыздан «Түркістан декларациясын» қабылданды.

 

 

Close