БАҚ біз туралы


Кеше Астанадағы Назарбаев орталығында Түркі академиясы халықаралық ұйымы ұйымдастырған «Ұлы Дала» І гуманитарлық ғылымдар форумы өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың конферен­цияға қатысушыларға арналған құттықтауын Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова оқып берді. «Ұлы Дала – Еуразия кеңістігін мекен­­деген халықтардың мыңжылдық бай­ла­ныс­тарының шежірелі куәсі, Батыс және Шығыс өркениеттерін тоғыстырған тоғыз жол­дың торабы. Оның географиялық ауқымы алыс көкжиектерді қамтиды. Тарихи тамыр­лары тереңнен таралады. Бай мәдени мұрасы – бүкіл адамзаттың ортақ игілігі. Сон­дықтан, бүгінгі форум тақырыбының ынтымақ­тас­тыру­шы қуатқа ие символикалық мәні бар деп ойлаймын.
Менің бастамам бойынша құрылған халықаралық Түркі академиясы алғаш рет мұндай форматтағы алқалы жиынның өтуіне ұйытқы болып отыр. Осы арқылы Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпір саналатын Астананың өз қақпасын әлемдік ғылымға айқара ашқаны – мағынасы зор оқиға.
Бұл форум құрлықтарды шекарасыз жалғаған ғылыми интеграцияға үлкен серпін береді деп сенемін. Оның аясындағы баршаға пайдалы пікір алмасулардың өзара түсіністік пен ықпалдастықтың дамуына игі ықпалы болары сөзсіз» делінген онда.
Түркітілдес елдер тәуелсіздіктерінің 25 жылдығы мен Түркі жазуы күніне орайластырылған салиқалы басқосудың сал­танатты рәсімінде, сондай-ақ, Ислам ынты­мақтастығы ұйымы жанындағы IRCICA ұйымының Бас директоры Халит Ерен, ЮНЕСКО істері жөніндегі Түркия ұлттық комиссиясының төрағасы М.Өжал Оғыз, Ататүрік атындағы мәдениет, тіл және тарих жөніндегі Жоғары құрылым басшысы Дәрия Өрс, Түркия Ғылым академиясының президенті Ахмет Жеват Аджар, Қазақстан ҰҒА, сондай-ақ, Түркі әлемі Ғылым акаде­миялары Одағының президенті Мұрат Жұрынов сөз сөйледі.

ERA_4751+

Олар алтын бастауын арғы заман­дардан алатын түркі жұрты­ның тағылымды тарихы, олар­дың өзара бауырластық байла­ныс­тары, айналасындағы басқа мәдениет өкілдерімен қарым-қаты­насы туралы тұшымды ойлар ортаға салынуға тиіс осы форум­ның табысты аяқталуына тілектес­тіктерін жеткізді.
Айрықша айта кетерлік бір жайт, алыс-жақыннан ат арытқан мәр­тебелі меймандар алдында TWESCO түркітану ғылымына сіңірген ерекше еңбектері және шығармалары ар­қылы халықтар арасындағы ынты­мақтастықты нығайтып, мәдени байланысты тереңдеткендері үшін бірқатар тұлғаларды алтын медаль­мен марапаттады. Олардың ара­сында Орталық Азиядағы қола және ерте темір дәуірлерінің архео­логиялық ескерткіштерін зерт­теп, көптеген іргелі жаңалықтар ашқан өзбекстан­дық тарихшы, академик Ахмадали Асқаров, «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер», «Азия – Берингия – Америка немесе америкалық «үндістердің» азиялық тегі», «Америкалық үндістердің алтайлық тегі», «Еуразия коды: бесінші өркениет қарсаңында» секілді сүбелі туындыларымен көзі­қарақты оқырманға кеңінен таны­мал қазақстандық ғалым, фи­ло­л­о­гия ғылымдарының докторы Әділ Ахметов, «Российская тюр­­к­о­логия» журналының бас редакторы, әйгілі «Ежелгі түрік сөздігін» дайындаушылардың бірі, білікті шығыстанушы Дмитрий Насилов және қазақтың көрнекті қаламгері, қоғам қайраткері, атақты «Аз и Я», «1001 сөз», «Таңбалар тілі», «Атам­за­манғы түркілер» кітап­тары­ның авторы Олжас Сүлейменов бар.
Жақында ғана сексеннің сеңгі­ріне сергек көтеріліп, Елбасы Жар­л­ы­ғымен Қазақстан Респуб­лика­сы­ның Еңбек Ері атанған асқар тау­дай ағамыз қашан­да ай­на­ла­сындағыларға абырой-беделін сезін­діріп жүретін әдетінен бұл жолы да жаңылған жоқ. Астана әуе­жайына аяғы тиген бойда осын­да асық­қаны­мен ақын біраз адасып барып, өзі айт­қандай «елорда­ның ен­діктері мен бойлықтарын шар­лап», әрең жет­кен көрінеді. Көп­ші­­л­ік­ті төрт-бес минут күттіріп, орта­­ға шыққан оған көрсетілген қоше­­мет­ке ерік­сіз қол соқтық.
Форум аясында әлемнің жиыр­маға жуық елінен, соның ішінде түркітілдес мемлекеттерден және АҚШ, Германия, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Ұлы­бри­таниядан келген 150-ден аса ғалым­дар мен зерттеушілердің қаты­суы­мен 4 панельді отырыс өткізілді.
«Еуразия кеңістігіндегі ғылы­ми ынтымақтастық: заманауи тәсілдерді іздеу» атты алғашқы отырысқа Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық ұйымы кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Қожаман модераторлық етті. Мұнда Мичиган университеті Еуропа, Ресей және Еуразия зерттеу орталығының директоры Норман Грэм, IRCICA бас директоры Ерен Халит, Әзербайжан мемлекеттік экономика университетінің ректоры, Түркі әлемі экономис­тер одағының төрағасы Әділет Мурадов, ECO Science Foundation қорының тұңғыш президенті Суиро Манзур Хусейн мен Әзербайжан Ұлттық Мәжілісінің депутаты Джеваншир Фейзиев баяндама жасап, байыпты пікірлерін білдірді.
АҚШ-тағы Мэдисон универ­ситетінің профессоры Юлай Шамилоғлы жүргізген «Ұлы дала өркениеті: жалпы және жалқы ерекшеліктері» тақырыбындағы мәжілісте де мәнді мәселелер көтерілді. Әңгімесін қазақша бастаған төрағаның «Америкадан келген атым бар емес пе, енді ағылшыншаға көшейін» деген әдемі әзіліне де езу тарттық.
«Манас» қырғыз-түрік универ­ситетінің профессоры Қадыралы Қоңқобаев Алатаудың арғы бетіндегі Саймалыташ петроглифтері төңіре­гінде тереңнен толғап, 3,5-4 мың метрлік биіктіктегі таста қашалған көне суреттердің сырын аша білсек, көмескі тарта бастаған көне тари­хы­мыздың талай беттерін толты­руға мүмкіндік туатынын алға тартты.
Ал Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, тарихшы Болат Көмеков көшпенділер өрке­­ниетінің өзіндік ерекше­лік­тері жайында өте орынды сөз қоз­ғады. Академиктің айтқан­дары­­нан ұққанымыз, ат жалында өскен ата-бабаларымыз адамзат игілігіне айналуға лайық небір құ­ндылықтарды артындағы ұрпақ­тарына мұраға қалдырып кет­кен. Өлшем бірліктеріне сыя бер­мей­тін Ұлы Дала ұландарының ұла­ғат­ты мұралары мұқият зерт­теу­лер­ді қажет етеді. Қиян даланы қиқу­латқан Дешті Қыпшақ қыран­дарының даңқы Азиядан асып, Еуропа елдерін дүрліктірген.
Татарстан ҒА Археология инс­ти­тутының директоры Айрат Сит­диков Ресей жеріндегі түркі­лер қоныстары, Алтын Орда феномені жөнінде мақтаныш­пен айтты. Бізді қызықтырғаны, татар туғандардың төл тарихтарын тірілтудегі іргелі ізденістері бол­ды. Қырымдағы Бақшасарайда, Рязан­дағы Қасым хандығының орнын­да, Ставропольдегі Мажарда, Түмендегі Искерде, Нижегородтағы Құршында, Саратовтағы Үкен­де, Астраханьдағы Сарай-Батуда археологиялық қазба жұмыс­тары­мен айналысып, біраз шаруаның басын қайырғандарына сүйсініп қалдық.
Сондай-ақ, «Түркітанудың жаңа кезеңі: әдіснамалық ұстаным­дар және пәнаралық аспектілер», «Қазір­гі ықпалдасу жағдайындағы түркі мұрасы» дейтін тақырыптарда мәслихат құрылып, түбі бір түркі­лер мәдениетінің әлемдік деңгей­дегі жетістіктері мен қолға алынуға тиіс іргелі істерге байланысты өзек­жарды сұхбат өрбіді.
Бұл күні, сонымен бірге, Түркі әлемі Ғылым академиялары одағы­­ның жиыны өтті. Кездесу барысында халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі одақ құрылған күннен бері TWESCO-ның ұйымға мүше Ғылым академияларымен бірлесіп жүзеге асырылған шаралар мен ғылыми жобалары жөнінде жан-жақты баяндап берді.

Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»



Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы