БАҚ біз туралы


Түркітілдес елдер тәуелсіздіктерінің 25 жылдығы мен Түркі жазуы күніне орайластырылған Форумның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы  Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің Басшысы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы IRCICA ұйымының Бас директоры Халит Ерен, ЮНЕСКО істері жөніндегі Түркия ұлттық комиссиясының төрағасы  М.Өжал Оғыз, Ататүрік атындағы мәдениет, тіл және тарих жөніндегі Жоғары құрылым басшысы Дәрия Өрс және бауырлас елдердің ҰҒА президенттері мен Жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты. Сонымен қатар, халықаралық ұйым басшылары мен дипломаттар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, депутаттар мен көрнекті ғалым-зерттеушілер қатысқан салтанатты жиынды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзімен ашып, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың форум қатысушыларына арналған құттықтау хатын оқып берді.  

Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

— Бірінші гуманитарлық форумға қатысушыларына арналған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың хатын оқып бергім келіп тұр:

«Құрметті қонақтар, зиялы, ғылыми қауым. Сіздерді бірінші гуманитарлық форумының ашылуымен құттықтаймын! Ұлы дала — Евразия кеңістігін мекендеген халықтардың мың жылдық байланыстарының шежірелік куәсі, Батыс пен Шығыс өркениеттерін тоғыстырған тоғыз жылдың торабы. Оның георафиялық ауқымы алыс көкжиектерді қамтиды. Тарихи тамырлары тереңнен таралады. Бай мәдени мұрасы — бүкіл адамзаттың ортақ игілігі. Сондықтан бүгінгі форум тақырыбының ынтымақтастырушы қуатқа ие символикалық мәні бар деп ойлаймын. Менің бастамам бойынша құрылған халықаралық түркі академиясы алғаш рет мұндай форматтағы алқалы жиынның өтуіне ұйытқы болып отыр. Осы арқылы Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпір саналатын Астананың әлемдік ғылымға өз қақпасын айқара ашқаны — мағынасы зор оқиға. Бұл форум құрлықтарды шекарасыз жалғаған ғылыми интеграцияға үлкен серпін береді деп сенемін. Оның аясындағы баршаға пайдалы пікір алмасулардың түсіністік пен ықпалдастығының игі ықпалы болары сөзсіз. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев. Ақорда. 23 мамыр».  Өз атымнан жұмыстарыңызға сәттілік тілей отырып, жиында жақсы пікірлер айтылады деген ойдамын.

 

Айта кетерлігі, форум аясында TWESCO түркітану ғылымына сіңірген еңбектері және мұралары арқылы халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, мәдени байланысты тереңдеткені үшін бірқатар тұлғаларды марапаттады. Атап айтқанда, әйгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, танымал түркітанушы ғалым, М.В. Ломоносов атындағы ММУ Азия және Африка елдері институты түркі филологиясы кафедрасының меңгерушісі Дмитрий Насилов, көрнекті ғалым, Қазақстан қоғам қайраткері Әділ Ахметов пен Өзбекстан Ғылым академиясының академигі, тарихшы ғалым Ахмадали Асқаров Академияның арнайы алтын медальдарымен марапатталды.

Олжас Сүлейменов, ақын, қоғам қайраткері:

— Бұл үлкен жиын менің 80 жылдық мерейтойыммен қатар келіп отыр екен. Мен жуырда ғана Талдықорған қаласынан келдім. Ол жерде волейболдан менің атымдағы жүлдені сарапқа салған ардагер спортшылармен кездесіп қайттым. Құттықтау сөзде «Әлемде өзінің 80 жылдық мерейтойын волейбол жарысында атап өткен бір жазушы бар ма екен» деп күлгенім бар... Жалпы, бүгінгі жиынға тоқталар болсақ, түркі тілдері мен мифологиясын зерттеп жүргеніме жарты ғасыр уақыт болды. Осы ғимаратқа түркі тілдес ғалымдарды жинаған Н.Назарбаевтың еңбегі зор деп санаймын. Ұйымдастырылып отырған іс-шара сөзсіз маңызға ие екенін атап өту қажет.

Түркітілдес мемлекеттерден бөлек, АҚШ, Германия, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Ұлыбритания сынды әлемнің 20-ға жуық елінен келген 200-ден астам ғалымдар мен зерттеушілер 4 панельді отырыста пайымды пікірлерін ортаға салды.

 

«Еуразия кеңістігіндегі ғылыми ынтымақтастық пен ықпалдастық: заманауи тәсілдерді іздеу» панелі» атты алғашқы панельді отырысқа  Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық ұйымы Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Қожаман модераторлық етті. Түркітілдес елдер тәуелсіздіктерінің 25 жылдығына арналған бұл отырыста Мичиган мемлекеттік университеті Еуропа, Ресей және Еуразия зерттеу орталығының директоры Норман Грэм, IRCICA бас директоры Ерен Халит,  Ардахан университетінің ректоры, Кавказ университеттер одағының төрағасы Рамазан Коркмаз, Әзербайжан мемлекеттік экономика университетінің ректоры, Түркі әлемі экономисттер одағының төрағасы Әділет Мурадов, ECO Science Foundation қорының тұңғыш президенті Сумро Манзур Хусейн мен Әзербайжан Ұлттық Мәжілісінің депутаты Джеваншир Фейзиев баяндама жасады.

 

Жүсіп Баласағұнның 1000 жылдығына арналған келесі  «Ұлы дала өркениеті: жалпы және жалқы ерекшеліктері» тақырыбында өткен отырысты АҚШ-тағы Мэдисон университетінің профессоры Юлай Шамилоғлы жүргізді. Бұл отырыста   «Манас» қызғыз-түрік университетінің профессоры Кадыралы Конкобаев, Қазақстан ҰҒА академигі Болат Көмеков, Түрік тарих құрылымының президенті Тұран Рефик, Моңғолия Тарих және Археология институтының директоры Чулуун Сампилдондов, Татарстан ҒА Археология институтының директоры Айрат Ситдиков пен Токио университетінің профессоры Хаяши Тошио баяндама жасап, өзара пікір алмасты.

 

Ал, Баку түркітанушылар конгресінің 90 жылдығына арналған «Түркітанудың жаңа кезеңі: әдіснамалық ұстанымдар және пәнаралық аспектілер» атты үшінші сессия Әзербайжан Ұлттық Ғылым Академиясының вице-президенті Иса Габиббейлинің модераторлығымен өтті. Бұл панельде Сеул университетінің профессоры Йонг Сонг Ли, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Фонетика бөлімінің бас ғылыми қызметкері Жүнісбек Әлімхан, Түрік тіл қоғамының президенті Мұстафа Качалин, сондай-ақ Мичиган мемлекеттік университетінің профессоры  Тимур Қожаоғлы, Ыстамбұл университетінің профессоры Серткая Осман Фикри мен РҒА СБ Филология институты директорының орынбасары Наталья Широбокова сөз сөйледі.

 

Сондай-ақ, «Қазіргі ықпалдасу жағдайындағы түркі мұрасы» атты соңғы панельді сессияға қатысқан Қырғыз Республикасы ҰҒА вице-президенті Абдылдажан Акматалиев, Ресей Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Виктор Бутанаев, Амстердам университетінің профессоры Ласло Мараш, Әзербайжандағы Насими атындағы Тіл білімі институтының директоры Мохсун Нагисойлы, Й.Гете атындағы Франкфурт  университетінің профессоры Ирина Невская, ӘҰҒА Сәулет және өнер институтының директоры Эртегин Саламзаде мен  Хаджеттепе Университетінің профессоры Осман Хората түркологияның бүгінгі өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Қожа Ахмет Ясауидің өмірден озғанына 850 жылдығына арналған бұл отырысты РҒА Шығыстану институты Шығыс тарихы бөлімінің жетекшісі Дмитрий Васильев жүргізді.

Бұдан бөлек, шара барысында Түркі әлемі академиялар одағының жиыны өтіп, TWESCO соңғы жылдары шығарған кітаптардың көрмесін ұйымдастырды.



Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы
Александр Васильевич Адрианов
Түрколог-жаратылыстанушы, тарихшы-археолог,физика-математика ғылымдарының кандидаты