БАҚ біз туралы




АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясы жанындағы Тарих, археология институтымен бірлесіп ұйымдастыруымен көне түркілердің «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінде «Ұлы дала көшпелілері: тарихи-мәдени үндестіктер» атты ІІ түркі-моңғол археологтарының дала семинары болып өтті. Бұл туралы академияның сайты хабарлады.

Бұл келелі жиында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті мен «Қазақстан» ұлттық арнасының ақпараттық қолдауымен өткен «Тәңіртаудан Өтүкенге дейін: Ұлы дала көшпенділерінің тарихи-мәдени  қазыналары» атты ІІ халықаралық экспедиция жұмысы қорытындыланды.

Дала семинарына Түрік тарих құрылымының басшысы Рефик Тұран, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы, Түркия Ғылым академиясының президенті Ахмет Джеват Аджар, Бұлғын аймағының әкімі Эрдэнээ Билдэг, Моңғолия тарих және археология институты директоры Чулуун Сампилдондов сынды лауазымды тұлғалар мен Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Түркиядан келген көрнекті тарихшы ғалымдар, археологтар мен баспасөз өкілдерінен құралған экспедиция мүшелері қатысты. Сонымен қатар, жиынға жергілікті жердің билік өкілдері мен тұрғындары, Моңғолия Білім университетінің студенттері де атсалысты.

Соңғы 2 ай көлемінде Түркі академиясының мұрындық болуымен зерттеу жүргізілген кешенде қазба жұмыстарының алғашқы кезеңінің нәтижелері жарияланды.

Семинарда бұл зерттеу жұмыстарының мақсаты мен маңызы ашықталып, таныстырылды. Яғни, басты мақсат: көне түркі дәуірінің қайталанбас бірегей әрі дара "Шивээт улаан" ғұрыптық кешенінің құрылысын, оның бітімі мен жалпы жобасын анықтау, археологиялық экспонаттарды айқындау, кешен құрамындағы таңбатас, адам және жануардың тасмүсіндерін ғылыми талдау, жаңғыртпаларын жасау, консервация жасау, ашық музей құру жолдарын қарастыру болды. Сонымен қатар, кешеннің көне түркі тарихындағы маңызына ғылыми талдау жұмыстары да қарастырылды.

Осылайша, Түркі академиясының жобасы аясында жүргізілген қазба жұмыстары ең алдымен «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінің құрылымын анықтап берді. Кешен құрылысының жалпы өлшемі  120х45 метр. Оны қамал дуал, бітіктас тұғыры, қақпа, бас құрылыс деп қарастыруға болады. Жалпы құрылымы  таспен қаланған, төртбұрыш созылыңқы пішінді 11 кішігірім мұнаралы қамал қабырғалардан  құрылған.

Одан кейін кіреберістің екі тұсында тасмүсіндердің тұғырлары анықталды. Бұл арыстан, қой қошқар мүсіндері болған болуы ықтимал.

Бұдан бөлек, бас құрылыстың сегіз қырлы бөлігінің төртбұрыш текше іргетасты болғаны анықталып отыр. Дәл осы  тұстан жаңа тасмүсін бәдіз табылды. Археологтар басы сынған бұл бәдізде ханзада бейнеленуі мүмкін деседі.

Жалпы, бұл археологиялық зерттеулер барысында кешеннен 9 адам бейнелі, 4 жыртқыш аң бейнелі, 1 қөозылы қой бейнелі, 3 қошқар бейнелі тасмүсін айқын  болды. 
Осы тұста, Академия 2015 жылы Астана қаласында дәлме-дәл ғылыми көшірмесін орнатқан түркі ру-тайпалардың таңбасы қашалған «Мәңгі тастың» дәл осы «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінен табылғанын да айта кету керек.  

Қазба алаңын өздері аралап, тың жаңалықтарға қаныққан экспедиция мүшелері семинарда ортақ тарих туралы пайымды пікірлерін білдіріп, зерттеу жұмыстарының келешегіне байланысты келелі ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, Түркия Ғылым академиясының басшысы Ахмет Джеват Аджар «Шивээт Улаанның» Түркі әлемі тарихында алар орны мен маңызының жоғары екенін айтты. 

Ал, Эгей университетінің түркітанушы ғалымы, тарих ғылымдарының докторы Хатиже Шырын ханым: «Түрколог ғалым ретінде балбал тастардағы таңбаларды жіті зерттеу керек. Бұл жұмысты асқан дәлдікпен, жүйелі түрде жүргізу үшін заманауи озық технологияларға жүгінгеніміз жөн», - деді. Басқа түркі жұртынан келген ғалымдар да осы пікірді қуаттап отыр.

Сонымен қатар, дала семинарында TWESCO басшысы Дархан Қыдырәлі белгілі моңғол тарихшы-археологы, тарих ғылымдарының докторы Дамдинсүрген Цэвэндоржды көшпенділер тарихын зерттеудегі ерен еңбектері арқылы халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, мәдени байланысты тереңдеткені үшін Академияның алтын медалімен марапаттады.

Түркі академиясы Өтүкендегі зерттеу жұмыстарын осымен тоқтатпайды. Келешекте Моңғолияның ғылыми-зерттеу ұйымдарымен бірге осы бағыттағы зерттеу жобаларын жалғастыратын болады.



Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы
Ахмет Биржан Ержиласун
Шығыстанушы 
Түркітанушы