Мазмұны

Алғы сөз

Адамзаттың мәдени қазынасына, оның ішінде түркі әлемінің руханиятына теңдессіз сөз мұрасын сыйлаған хакім Абайдың шығармашылығы хақындағы пікір-пайымдардың бас-аяғын түгендеп, бір қауыздың ішін сыйғызу оңай шаруа емес. Әсіресе, дүнияуи құндылықтар қат-қабат сапырылысқа түскен жаһандану дәуірінде ұлы ақынның әдеби шалқарына қайта көз салып, оны тану мен түсіну кезеңдерінің ізденістері мен іркілістерін, шырқаулары мен шырғалаңдарын әділетті байыптай білудің салмағы зор.

Осы орайда көрнекті әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы Абайтанудың мәнді де мәйекті мәселелерін өзінің тұғырлы темірқазығы етіп ұстанып келе жатқандығы баршаға белгілі. Халықаралық түркі академиясы жарыққа шығарып отырған «Хакім Абай мұрасын танып білудің 125 (1889-2014) жылдық тарихынан» атты осы кітабы – оның ұзақ жылғы ерен еңбегінің сүбелі нәтижесі.

Ғалым бұл кешенді зерттеуі арқылы тарих түкпірінде, тіршілік талқысында көміліп қалған алуан деректерді мұқият тірнектеп, тізбелеп жинақтаумен шектелмей, олардың баршасын заманалық сарындармен, сырлармен тығыз сабақтастықта қарастырады. Абай өлеңдерінің жариялану барысы, насихатталу жайы, әдеби мектебінің қалыптасуы, жер жүзі әдебиетімен байланысы, ол туралы жекелеген зерттеушілердің көзқарастар сипаты, тағы сол сияқты өзекжарды мәселелердің хронологиялық тәртіппен жетік жүйеленгені, терең тәптіштелгені Абайтанудың өрісін одан әрі кеңейте түседі деген ойдамыз.

Абайдың өзіне дейінгі Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иүгнеки, Мұхаммед Физули, Әлішер Науаи, т.б. түркі әдебиетінің шамшырақ тұлғаларынан тағылым түйгені, сөйтіп барып өзінің сара соқпағын салғаны, кемеңгерлік күмбезін көтергені анық. Кітапта осы тұңғиық тамырластықтың идеялық негізі, көркемдік астары дәйекті байыпталады. Ұлы Дала ғибраты мен ғұламалағын бойына тұтас сіңірген данышпан Абай мұрасының бітімі бөлек, орны оқшау екендігі жан-жақты пайымдалып, оны зерттеудің соны мақсаттары алға тартылады.

Классик ақын Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына орай баспа жүзін көріп отырған осы еңбек ақын шығармашылығын түркі әлеміне танытуда өзіне лайықты міндетін атқарады деп сенеміз.

Дархан Қыдырәлі,

Түркі академиясы халықаралық ұйымының президенті



Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы
Владимир Михайлович Алпатов
Шығыстанушы, лингвист, филология ғылымдарының докторы