Жаңалықтар

Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамын атап өтті

234

Мерекелік іс -шараға қоғам және мемлекет қайраткерлері, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Венгрия, Моңғолия, Өзбекстан және Иран елдерінің елшілері мен дипломатиялық миссия өкілдері, түрколог ғалымдар, этномәдени орталықтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.   

 

Мереке жиналған қонақтар ежелгі бабалардан жалғасқан «Балғамен төс соғу» көне дәстүрін өткізді. Бұл дәстүр Рашид-ад- диннің «Жами-ат-Тауарих» еңбегі арқылы жеткен аңыз-әпсана бойынша әйгілі Оғыз ханның нәсілінен тараған Ел ханның елі шапқыншылыққа түсіп, Алтай тауының баурайындағы Ергенеқон шатқалына тығылып, сол жерде аман қалады. Тар шатқалда өсіп-өніп көбейген халық Наурыз айында таудың темірмен құрсалған бөлігін ерітіп, көк бөрінің жол көрсетуімен таудан жазық жерге, етекке түседі. Бұдан соң олар жауын жеңіп, елін азат етеді. Осылайша Ергенеқоннан шыққан күнін олар жыл сайын Наурыз айында тойлай бастайды. Жаңғыру мен жаңарудың бұл мейрамы сол заманнан бастап Ұлыстың ұлы күні деп атала бастаған деседі. Түркі билеушілерінің Ұлыстың ұлы күні балға мен төс соғып, көмір жағып, темір балқыту салты осы аңызға байланысты қалыптасқан дәстүр деседі. Дәл осы тарихи дәстүр Наурыз мерекесінде Түркі академиясында бүгін көрініс тапты.


Академия басшысы Дархан Қыдырәлі өзінің құттықтау сөзінде:

«Өткен жыл Академия үшін табысты да ізденіске толы жыл болды. Бішкекте өткен Түркі кеңесі саммиті табысты өтті. Академияның жұмыс жоспарымен Президенттер танысып, жоғары баға беріп, болашақ іс-жоспарды бекітті. Академия дайындап ұсынған «Түркі интеграциясы концепциясы» Президенттер тарапынан қабылданды. Сол саммитте белсенді қатысқан Мажарстан елі Халықаралық Түркі академиясына бақылаушы мәртебесіне ие болды. Осылайша Академияның қанаты бауырлас елдермен толыға түсті. Сонымен бірге Академия дайындаған «Ортақ түркі тарихы» оқулығы, «Түркі әлемі географиясы» және «Ортақ түркі әдебиеті» бағдарламалары қабылданып, Түркі кеңесіне қатысушы мемлекеттердің оқу бағдарламасына енгізілуде. Халықаралық Түркі академиясы түркі халықтарының тілдерінің дамуы мен қорғалуына, зерттелуіне ұдайы мән беріп келеді. Өткен жылы сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде «Түркі тілі мерекесі» өтті. Академия Қазақстанда және Моңғолияда археологиялық экспедицияларды табысты жүргізді. Алдағы уақытта Мажарстанда, Өзбекстанда мұндай экспедициялар жалғасын табады. Өзбекстан Ғылым академиясымен Меморандумға қол қойылды.

Академия 2019 жылы да түркі әлеміне қатысты ірі оқиғаларды жоғары деңгейде атап өтуге жоспар жасады. Атап айтқанда Түркі кеңесі құрылуына негіз болған Нахчыван келісіміне 10 жыл толып отыр. Мұстафа Кемал Ататүріктің ұлттық қозғалысына 100 жыл толуы да мерейлі дата. Сонымен бірге Мажарстанның әйгілі түрколог ғалымы Мандоки Қоңырдың туғанына 75 жыл толды. Сондай-ақ биыл ұлы шайыр Несимидің туғанына 650 жыл. Академия ақынның жыр жинағын әзербайжан және қазақ тілінде шығармақ. Биыл сондай -ақ Алтын орданың 750 жылдығы. Сонымен бірге 2019 жылы Орта Азияда бірқатар түркі мемлекеттерінің қалыптасуына негіз болған Талас құрылтайының өткеніне 750 жыл толады. Осы тарихи мерейтойға да Академия арнайы кітаптар шығарып, түркі елдерімен бірлескен ғылыми шаралар өткізетін болады. Академия ынтымақтастық аясын кеңіте түспек. Алдағы уақытта өтетін саммиттерде Өзбекстан мүшелікке қабылдануға мүмкіндік туатынына сенім зор. Сондай-ақ бақылаушылық мәртебесіне Моңғолия да ынталы болып отыр. Академия алдағы уақыттарда ЮНЕСКО-мен бірлескен Меморандумға қол қоймақ ниетте. Лайым Жаңа жыл бауырлас халықтарға берекелі болып, достық пен таулығымыз нығая берсін!» - деді.

   Бұдан соң мерекеге орай көрнекті ғалым, түркі руханиятына зор еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков жиналған жұртшылыққа өзінің батасын берді.

    Ал, өз кезегінде құрметті қонақтардың атынан сөз алған Қазақстандағы Әзербайжан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Рашад Мамедов Наурыз мейрамының түркі дүниесі үшін ортақ мереке екенін айтып, оның интеграциялық әлеуеті зор екенін жеткізді. Рашад Мамедов сондай-ақ Халықаралық Түркі Академиясы туыс елдерді жақындастыру мен олардың бірлігін нығайту үшін ерекше қызмет атқаруда деп атап өтті.

 


Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы