Жаңалықтар

«Түркі әлемі географиясы» оқулығы жобасы талқыланды

942

Халықаралық Түркі академиясында (TWESCO) ұйымның құрылтайшы мемлекеттері өкілдері «Түркі әлемі географиясы» оқулығы мазмұны мен оқу бағдарламасын талқылады. Үш күнге созылған ғылыми басқосуға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия елдері Білім және ғылым министліктерінің өкілдері, сарапшы-ғалымдар қатысты.

Оқулық бағдарламасын талқылауға арналған басқосуда сөйлеген сөзінде Академия басшысы Дархан Қыдырәлі: «Бүгін біз талқылап отырған оқулық арқылы балаларымыздың бойында сонау Өтүкеннен басталып, Балқанға дейін созылған кең географиялық мекенге, киелі жерлерге қатысты көзқарас қалыптасады. Бұл бәріміз үшін үлкен олжа, байлық»,-деді. Сонымен қатар, ұйым басшысы оқу бағдарламасы сәтті даярланса, оқулықтың да сапалы боларын атап өтті.

Жиында сарапшылар Түркі кеңесіне мүше елдердің мектептерінде факультативтік пән ретінде оқытылатын «Түркі әлемі географиясы» оқулығы мен оқу бағдарламасына қатысты ойларымен бөлісті. Түркі мемлекеттерінде география пәнін оқытудың ерекшеліктерін ортаға салды. Сондай-ақ, сарапшылар Халықаралық Түркі академиясының ортақ оқулықты әзірлеуде ықтияттылық көрсетіп, жүйелі қызмет атқарғанына ризашылықтарын білдірді.

Естеріңізге салар болсақ, «Түркі әлемі географиясы» оқулығы мен оқу бағдарламасы 2018 жылдың 3 қыркүйегінде Шолпан-атада өткен Түркі кеңесі мемлекет басшыларының VI саммиті декларациясы мен Түркі кеңесі Білім министрлерінің 2015 жылғы 5 қыркүйекте Астанада өткен төртінші басқосуында қабылданған шешімге сәйкес әзірленуде. Бұдан бұрын TWESCO «Ортақ түркі тарихы» және «Ортақ түркі әдебиеті» оқулықтарын даярлаған болатын.



Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы
Ахмет Биржан Ержиласун
Шығыстанушы 
Түркітанушы