Жаңалықтар

Құнды кітаптар таныстырылды

284

Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының кітапханасында TWESCO басып шығарған Рашид ад Диннің «Жамиғ ат-тауарих» және Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» кітаптарының тұсаукесері өтті. Құнды мұралар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көріп отыр.


         Салтанатты шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Жиында сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев: «Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінің алғаш рет қазақ тіліне аударылуы, шын мәнінде, тарихи оқиға. Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» кітабының да ана тілімізге тәржімалануы рухани өміріміздегі елеулі сәттердің бірі екені сөзсіз. Орта ғасырларда жазылған «Жамиғ ат-Тауарих» еңбегі Ұлы даламыздың тарихы, Шыңғыс ханның өмірі мен шежіресі, Қазақстан мен Орта Азия жерінде өмір сүрген ата-бабаларымыздың тегі, дамуы, мемлекеттігіміздің қалыптасуы жайында нақты деректерді қамтитын терең, ғылыми тұрғыда маңызы зор туынды. Әлемнің біраз тілдеріне аударылған еңбектің Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен тікелей парсы тілінен ана тілімізге аударылуы біз үшін үлкен жеңіс. Бұл оқулықтар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нақты жемісі және жеңісі»,-деді.


         Бес томнан тұратын Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегі 1300-1316 жылдар аралығында жазылған. Кітап түркі халықтарының тарихы, жер-су атаулары, мемлекет басқарған тұлғалары, шежіресі, іргелі рулардың атаулары, олардың өзара қарым-қатынастары туралы сыр шертеді. Еңбекте Шыңғыс қаған құрған мемлекет, оның билеушілері, Елхандар мемлекетін басқарған бірқатар тұлғалар, Кавказдың күңгей беті, Хорасан аймағы, Иран, Орталық Азия, Еділ бойы, Моңғолия тәрізді көптеген аймақтар туралы құнды деректер бар. Шығарма көптеген тілдерге аударылып, ғылыми айналымға енгенімен, қазақ тіліне толықтай, түпнұсқадан алғаш рет тәржімаланып отыр. «Жамиғ ат-тауарих» еңбегін түркі тарихының теңдессіз туындысы, энциклопедиясы деп бағалауға да болады. Ал Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты шығармасы түркі халықтарының діни танымынан сыр шертеді.

Түркілік дәстүр мен ислам дінін үйлестіре білген түркі-ислам ғұламаларынан жеткен мұра аталған еңбекте топтастырылып отыр.

         Тұсаукесер рәсімінде Академия басшысы Дархан Қыдырәлі аталған еңбектердің тарихи мәні өте зор екендігін атап өтті. Өз сөзінде TWESCO президенті: «Тарихты жазу, тарихты жасаумен бірдей маңызды. Себебі тасқа жазылмаған тарих өшеді немесе соны жазғанның несібесіне көшеді. Кезінде ұлы дала төсінде айтулы із қалдырған айбарлы бабаларымыздың даңқты шежіресі ұлт жадында көмескі тартқан еді. Тәу етер тәуелсіздігіміз бен бірге тарлан тарихымызбен де қайта қауыштық. Соның жарқын айғағының бірі бүгін сіздерге таныстырылып, тұсауы кесіліп жатқан алдарыңыздағы сүбелі еңбектер. Бұл екі кітап Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасына айтылған ұлттық кодпен сәйкеседі. Бірі біздің санамызды сілкіндіріп, жадымызды жаңғыртса, екіншісі жүрегіміз бен рухымызға азық болады»,-деді. Сонымен қатар, ол Рашид ад-Дин «Жамиғ ат-тауарих» атты еңбекті жазу барысында деректер мен мәліметтерді жинақтау үшін сол дәуірдегі түркі, парсы, араб, қытай, тибет, үнді және т.б халықтардың тарихшылары мен білгір шежірешілері жылнамашылары мен асқан оқымыстылары жұмылдырғанын атап өтті.

Жиында қосы кітапты түпнұсқадан қазақ тіліне аударған ғалым, парсы тілінің маманы, Зәріпбай Оразбайға Халықаралық Түркі академяисының Күміс медалы табыс етілді.




Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы