Жаңалықтар

Академия ғалымы Моңғолия президентімен кездесті

396

Моңғолия президенті Х.Баттулга Моңғолияның Мәдениет елшісі болып тағайындалып жұмыс істеп жатқан шетелдік бір топ зиялы қайраткерлермен кездесу жасады,- деп хабарлады Моңғолия   президентінің ресми сайты. Мәдениет елшілерінің арасында Халықаралық Түркі академиясы ғылым бөлімінің аға менеджері Ақеділ Тойшанұлы да бар.

Кездесуде Моңғолия президенті Х.Баттулга Моңғолия Мәдениет елшісі деген абыройлы да жауапкершілігі зор міндетті адал атқарып, шығармашылық еңбегімен Моңғолияның мәдени қатынасына елеулі үлес қосып жүрген азаматтарға шын жүректен алғысын білдірді. Президент Моңғол елінің әлеуметтік, экономикалық, мәдени байланыстары туралы ақпарат алмасып, тарихи, мәдени мұраларды жүйелі насихаттап, үкіметтік және қоғамдық ұйымдармен тығыз бірлікте, белсенді жұмыс жасауға оларды шақырып, бұл салаға арналған ортақ ақпараттық желінің жүзеге аса бастағаны елеулі жетістік екеніне мән берді.

Ол өз сөзінде: «Біздің кең байтақ жерімізде ғұн, түрік, моңғол империялары өмірге келген, әлемге әсер еткен. Тарихи, мәдени мұра, көшпелі өркениеттің салтанатты дәстүрі бай. Сол себептен туризмге аса мән беріп, алдағы уақытта ірі бағдарлама жасамақпыз. Бұл жүйеде түркі мұрасына арналған кешен де бой көтереді, мен осы мәселені алдағы уақытта парламентке таныстыратын боламын» деді.

Қазақстандағы Моңғолияның Мәдениет елшісі, ғалым, TWESCO ғылым бөлімінің аға менеджері А.Тойшанұлы: «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясы көшпелі өркениеті зерттеуге жүйелі мән беріп келеді. Академия Моңғолияның Бұлғын аймағында орналасқан Шивээт улаан кешеніне 3 жыл археологиялық зерттеу жүргізіп, биыл табысты аяқтады. Моңғолия Ұлттық музейімен бірлесіп Керулен жобасын жүзеге асырып, Хэнтай аймағындағы Хаяахудаг көне түркі кешеніне археологиялық қазба жүргізіп, зерттеу нәтижелі болды. Кешендерден табылған қазыналар тарихымызды зерделеуге соны серпін берері сөзсіз. Ескерткіштерді қорғау, сақтауға да үлес қосылуда. Осы ғылыми экспедицияларға көмек көрсеткен Моңғолия мемлекетіне, әріптес ғылыми-мәдени ұжымдарға, ғалымдарға алғысымыз шексіз. Алдағы жоспарларымызға қолдау білдіріп, қабылдағаныңызға рақмет айтамыз»- деді.

Кездесуге Моңғолияның Сыртқы істер вице-министрі Б.Батцэцэг, Моңғолия президентінің кеңесшісі Т.Тэгшжаргал бастаған ресми өкілдер, Моңғолияның Мәдениет елшілері қатысты.


Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы
Саул Менделевич Абрамзон
учёный-этнограф, тюрколог, кандидат исторических наук