Жаңалықтар

Түркі академиясы әйгілі мажар ғалымы Мандокиді еске алды

730

Бүгін Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) Алматы қаласында көрнекті мажар түркітанушысы Иштван Қоңыр Мандокиді еске алуға арналған шаралар өткізді.

Құрамында Академия басшысы Дархан Қыдырәлі, Мажарстаннан арнайы келген ғалымның жары Оңайша Мақсұмқызы, Түркі кеңесі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, Мажарстанның Алматыдағы Бас консулы Ференц Блауман, Қырғызстандағы Манас қырғыз-түрік университетінің профессоры Қадыралы Қоңқабаев және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек болған делегация алдымен Алматыдағы И.Қ.Мандоки атындағы №154 мектепке барды. 


Мектеп мұғалімдері мен оқушылардың қатысуымен өткен алқалы шарада Д. Қыдырәлі және ғалымның көзін көрген, еңбектерімен етене таныс замандастары Мандокидің өмірі мен түркітану ғылымына қосқан зор үлесі жайлы әңгімеледі. Сонымен қатар, мектептегі И.Қ. Мандоки мұражайын аралап көрді.


Жиын соңында Д.Қыдырәлі мектеп кітапхана қорына Академия әзірлеп басқан бірқатар кітаптарды тарту етті.


Бұдан өзге, TWESCO белгілі түрколог ғалымдар мен И.Қ. Мандокидің әріптестері және шәкірттерінің басын қосып, мейрамханада арнайы ас берді. Биыл дүниеден озғанына 25 жыл толған түркі жұртына ортақ ғалым жайлы естеліктер айтылған астан кейін қатысушылар И.Қ. Мандокидің Кеңсайдағы зиратына барып, гүл шоқтарын қойды.

Айта кету керек, Иштван Қоңыр Мандоки 1944-ші жылы Мажарстанның Карцаг қаласында дүниеге келген. Негізінен мажарлардың және құмандардың көне тарихы мен түркі-мадияр байланыстарын зерттеген әйгілі қыпшақтанушы, түрколог ғалым. Түркітану ғылымына сүбелі үлес қосқан ғалым отыз тілде сөйлей алатын болған. 1992-ші жылы Дағыстанда көз жұмған ғалымның сүйегі өз өсиеті бойынша Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленген.



Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы
Александр Васильевич Адрианов
Түрколог-жаратылыстанушы, тарихшы-археолог,физика-математика ғылымдарының кандидаты