Жаңалықтар

Ғалым мерейтойына арналған конференция өтті

731

Биыл танымал түрколог, қыпшақтанушы Иштван Қоңыр Мандокидің туғанына 75 жыл толды. Түркінің толағай тұлғасының мерейтойына арналған шаралар легін Алматы қаласында Халықаралық Түркі академиясының   ұйымдастыруымен өткен «Ұлы дала және Мандоки мирасы» деп аталатын конференция бастады. Жиынға TWESCO басшысы Дархан Қыдырәлі, Мажарстанның Қазақстандағы елшісі Андраш Барани, ғалымның жары Оңайша Мақсұмқызы, Мажарстанның Алматы қаласындағы Бас консулы Ференц Блауман, АҚШ, Ресей, Қырғызстан мен қазақстандық ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты.


«Ұлы дала және Мандоки мирасы» атты конференцияда сөйлеген сөзінде TWESCO басшысы Алтайдан Анадолыға, Балатоннан Байқалға, Кавказдан Қаратауға дейінгі ұлан-ғайыр алқапты талай шарлаған Иштван Қоңыр Мандокидің мұрасы Ұлы дала мәдениетімен астасып жатқанын айтты. Ғалымның ізі қазақ даласында сайрап жатыр. Сонымен қатар, күллі түркі ұрпағы мекен етіп отырған аймақтардың барлығында ғалымның ізі қалғанын тілге тиек етті. Халықаралық Түркі академиясы ғалым еңбектерінің жарық көріп, мұрасының сақталуына айырықша үлес қосып келеді. Бүгінде ғалымның 16 мың кітаптан тұратын жеке кітап қоры Академия кітапханасында сақтаулы тұр. TWESCO жыл сайын ғалымды еске алу, есімін ұлықтау шараларын өткізіп келеді. Биылға сәйкес келген 75 жылдық мерейтойы да кең көлемде атап өтіледі. Алматыдағы конференция Академия жоспарлаған шаралардың басы ғана.


Иштван Қоңыр Мандоки түркі халықтары тарихы мен мәдени мұраларын жинақтап қана қоймай, бауырлас жұрттардың рухани   үндесіп, түлеуін аңсаған тұлға болатын. Сонымен қатар, ғалымның еңбегі түркі мемлекеттері мен Мажарстанның арасындағы байланыстардың нығаюына да септігін тигізді. Конференцияда сөз сөйлеген Мажарстанның Қазақстандағы елшісі Андраш Бараны осындай пікір айтты. Ол: «Қоңыр ағамыздың атын айтсақ, оның түркітану ғылымының дамуына зор үлес қосқан зерттеулері ғана емес, сондай-ақ түркітілдес халықтардың біртұтасты­ғын, олардың арасындағы бай­ланыстардың нығаюын, мәдениет­терінің және тіл­дерінің еркін түрде дамуын армандайтын тұлғаның кейпі көз алдымызға келеді. Әсіресе қазақ тілінің өркендеуіне ерекше мән берген Қоңыр Мандоки тек мажар мен қазақтың ғана емес, дүние­ жүзін­­дегі бүкіл түркітілдес елдердің ар­асын­дағы бауыр­лық қарым-қатынас­тар­дың сим­волына айналды. Дү­ниеден ерте қайтса да өзі армандаған қазақ елі­нің тәуел­сіздігін көрді. Қазақстан сол тәуел­сіздіктің арқасында Еуразия құр­лығына, әлемге танымал, беделі жоғары елге айналды. Сондықтан Халық­аралық Түркі академиясы­ның штаб-пәтері Ұлы даланың жүрегі – Астана қаласында ор­наласқаны кездей­соқ емес. Ал академия қабыр­ға­сынан Мандоки кітапханасы ашыл­ған­нан кейін Түркі академиясын Мажар­станның бір бөлігі орналасқан жер деп санаймыз», – деді.

Ал америкалық ғалым Юлай Шамилоғлу Мандокиді «ХХІ ғасырдың Радловы» атануға лайық тұлға ретінде бағалады. Өйткені, ғалымның артында әлі жарық көрмеген мол қолжазба қоры қалған. Бүгінде ғалымның отбасында сақтаулы тұрған қолжазбаларды жарияласа шамамен 30 том кітап болатынын айтты америкалық ғалым. Демек, түркі мұрасын түгендеуде Иштван Қоңыр Мандокиге тең келер тұлға сирек. Сондықтан, ғалым еңбектерін жариялау, жұртшылыққа таныстыру өте өзекті болып отыр.

Жиынға қатысқан РФ ҒА Уфа ғылыми орта­­­лығы Тарих, тіл, әде­биет зерттеу институты­ның жетек­­шісі, профессор Фир­даус Хисамитдинова Мандоки мұраларын түркі дүниесінің гүлденуі жолында пайдалану керек екендігін айтты.«Ман­доки­­дың тарих­тағы бей­несі жыл­­дар өткен сайын тұлғала­­на береді. Асқақ рухы тұтас түркі халықтарын ке­зіп жүр­ген­дей әсерге қал­дыра­ды»,-деді ғалым.

Конференцияда ҰҒА президен­ті Мұрат Жұрынов, шығыстанушы, ғалым Әб­саттар қажы Дербісәлі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, акаде­мик Өмірзақ Айтбайұлы, Халық­­аралық Түркі акаде­миясының аға сарапшысы Қадыралы Қоңқабаев, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажы­бек, түрко­лог-қып­шақтанушы Сейсенбай Құдасов және тағы да басқа зиялы қауым өкілдері Иштван Қоңыр Мандоки жайлы естеліктер айтып, ойларымен бөлісті.


Ал, ғалымның жары Оңайша Мақсұмқызы Мандокидің арман-аңсары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған ойларман үндесетінін айтты. «Қазақ халқы өзінің дара перзенті, қыпшақ ұлы Қоңырды ұмытпағаны­на мен өте қуаныштымын. Ол қазақ жұртын ерекше сүйді. Қазақтың бай әдеп-ғұрпын, тарихын, мәдениетін өте жетік білді. Соны сыйлағандықтан қазаққа ғашық болды»,-деді ол.

Конференция барысында филология ғылымдарының докторы профессор Телқожа Жанұзақовқа және Мажарстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Андраш Бараниге TWESCO- ның Алтын медалі, филология ғылымдарының   докторы Әлімхан Жүнісбекке Вильгельм Томсен медалі, ғалым Ахмет Тоқтабай мен қоңыртанушы Ернар Масалимовке академияның «Құрмет» грамоталары табыс етілді



Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы