Жаңалықтар

Қазақ ұлттық Өнер университетінде дәулескер күйші Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» атты шығармашылық концерті өтті

1420

Қазақтың қасиетті қара домбырасын қаршадайынан жанына серік етіп, ел ішінде құдіретті күй өнерінің қадір-қасиетін асқақтатуға бар күш-жігерін арнаған күйші Арқа төріндегі өнер кешін Астанамыздың 20 жылдық мерейтойына тарту етіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына айтулы үлес қосты.

Өлмес өнерімен ел-жұртының айрықша ықыласына бөленген Ә.Желдібаевтың еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып келеді. Күйші әр жылдары еліміздің жоғары наградалары – «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталып, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды.

Бүгінгі концертте орындалған халық арасында кеңінен таралған «Ерке сылқым», «Төле би толғауы» сияқты белгілі күйлермен қатар автордың жаңа туындысы – «Нұрсұлтан» атты күй-поэмасының да тыңдармандарға әсері орасан болғаны сөзсіз. Күйші Елбасымыздың халыққа қамқорлығы мен ұлтқа деген шынайы сүйіспеншілігіне алғысын күй тілімен жеткізе білді.

Кеште, сондай-ақ, Жанғали Жүзбаев, Айгүл Үлкенбаева сияқты атақты күйшілер, Астана филармониясы артистері өнер көрсетіп, көрермендер ықыласына бөленді.

Концертке Президент Әкімшілігінен, Парламенттен, министрліктерден мемлекет қайраткерлері, шетелдік қонақтар, дипломаттар, көрнекті өнер өкілдері қатысты.

Айта кету керек, «еліші – өнер кеніші» дейтін халық даналығына сай көне түркі мұраларын тауып, оларды зерттеп, насихаттауда іргелі жобалар жасап жүрген Халықаралық Түркі академиясы осы өнер мерекесінің табысты өтуіне де ұйытқы болды.


Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы