Жаңалықтар

Астанада көкпардан әлем чемпионаты басталды

1553

Астана қаласында өтіп жатқан халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі аясында көшпенділердің ұлттық ойыны көкпардан әлем чемпионаты басталды.

Мұндай ауқымды деңгейде тұңғыш рет ұйымдастырылған сайысқа АҚШ, Ауғанстан, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Мажарстан, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан жәнеТүркияның көкпаршылары қатысуда.

Дүбірлі доданың алғашқы күні Тәжікстан командасы Өзбекстан құрамасынан, Түркия көкпаршылары АҚШ-тан келген ойыншылардан, Қазақстан тобы ауған қарсыластарынан, қырғыз елінің сайыскерлері моңғолиялық әріптестерінен басым түсіп, келесі кезеңге шықты. Чемпионат жеңімпазы 28-ші тамыз күні анықталады.

Көкпар - Орта Азия халық мәдениетінде, әсіресе түркі қауымдары мәдениетінде ат үстінде ойналатын ғұрыптық спорт түрі. Ойын шарты бойынша сойылған серкенің (лақтың) терісі ат үстіне алынып, екі тарап таласып тартып, жеңіске жеткендері  белгілі бір межеленген жерге (нысанаға) апарады. Алаңның ортасына тігілетін байрақтың айналасында алдын-ала белгіленген тәртіппен тері лақтырылып,  оған талас басталады.  Көкпарды тамашалағанда ойыншылардың ат үстінде ширақ та батыл қимылдар жасап, бір-біріне дес бермей намысқа қызып, ат құлағында ойнайтын батырға тән өжет әрекеттері әдемі әсерге бөлейді.  Астындағы атына ие болған тақымы мықты және ең күші мығым, көзсіз батыр,  епті шабандоз шаршы алаңда ең үздік болады. 

Орта Азия түркілерінде көкпар ойынының «көкбөрі» сөзімен байланысы туралы көзқарас тараған. Көкпардың сипаты көкбөрілердің топтаса ойнап, аң аулаған, бір-бірімен алысып-жұлысқан қимылына  ұқсайды және бұл ойын қасқырдың осындай жанкештілігіне еліктеуден пайда болған дейді.


Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы