Жаңалықтар

Түркі академиясы Арал теңізінің проблемасына арналған деректі фильмді таныстырды

988

Бүгін Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) Астана қаласында тек Орталық Азия мемлекеттерінің ғана емес, күллі адамзаттың экологиялық проблемасына айналған Арал теңізіне арналған «Арал теңізі: өткені, бүгіні және келешегі» атты деректі фильмнің таныстырылымын өткізді.

Шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Әзербайжан, Венгрия, Қырғызстан, Моңғолия, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінің Қазақстандағы елшілері, халықаралық ұйымдардың басшылары, ұлттық-мәдени орталық жетекшілерімен бірге қазақстандық және шет елден келген көрнекті ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

2 (1).jpg

«Жойылып бара жатқан Арал теңізінің мәселесі біздің өңірге ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіреді. Теңіздің тартылуы салдарынан жыл сайын 75 миллион тоннаға дейін шаң мен улы тұзды жел көтеріп, оның тозаңы қазірдің өзінде Еуропа мен Антарктидадан табылып отыр». Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылғы 27-ші қыркүйекте БҰҰ-ның Нью-Йоркте өткен Саммитінде айтқан болатын.

Академияның тапсырысымен түсірілген фильмде апат аймағын бақылауға алып, Аралды құтқаруға бағытталған нақты қадамдар мен олардың нәтижелері жөнінде, оның ішінде Солтүстік Аралды (Кіші Арал) қайта қалпына келтірудің қазақстандық моделі баяндалады.

1 (2).jpg

Аралға Біріккен ұлттар ұйымы сынды халықаралық іргелі ұйымдардың назарын аудартқан алғашқы ресми қадам - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Орталық Азия басшыларының 1993 жылғы 26 наурызда Қызылорда қаласында өткен Арал теңізі мәселелері жөніндегі 1-конференцияда жасалған келісім болғаны мәлім. Келісімді орындаудың алғашқы шарты есебінде Халықаралық Арал қоры құрылды. Фильмде сол келісім аясында қабылданып, табысты жүзеге асқан «Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізін сақтау» (САРАТС) бағдарламасы бірінші кезеңінің аяқталуы мен САРАТС-тың екінші кезеңін жоспарлау идеясы айтылады. Адамзат тағдырына айналған Арал мәселесін шешуге қатысты қазақстандық, қырғызстандық, өзбекстандық, ресейлік және тәжікстандық білікті сарапшылардың пікірлері мен ұсыныстары келтіріледі.

Таныстыру рәсімінде Қырғыз Республикасының бұрынғы Мемлекеттік хатшысы, Халықаралық Манас қырғыз-түрік университетінің профессоры Осмонакун Ибраимов өркениетті қоғамды алаңдатқан апатқа қатысты өз ойларымен бөлісіп, қысқа баяндама жасады.

3 (1).jpg

Айта кету керек, сәтті жүзеге асқан САРАТС жобасы нәтижесінде Солтүстік Арал арнасындағы су деңгейі едәуір көтеріліп, аймақтағы тіршілік қайта жандана бастаған. Экологиялық апат жылдары Арал қаласынан 75 шақырымға алыстаған теңіз бүгінде шахардан небәрі 12 шақырым қашықтықта қайта тулап жатыр.


Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы