Жаңалықтар

Академияға Венгрия Сыртқы сауда және Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы келді

950

Бүгін Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) басшысы Дархан Қыдырәлі Академияға арнайы келген Венгрия Сыртқы сауда және Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы Иштван Микола бастаған делегацияны қабылдады. 

Делегация құрамында Венгрия Сыртқы экономикалық байланыстар мен Сыртқы істер министрлігінің бөлім жетекшісі Миклош Гал, профессор Миклош Кашлер және Венгрияның Қазақстандағы елшісі Андраш Барани болды. 

Д.Қыдырәлі құрметті меймандарды TWESCO қызметімен жан-жақты таныстырып, халықаралық байланыстары жөнінде мағлұмат берді. Сонымен бірге, ұйымның атқарған іргелі жобалары мен келешек жоспарларымен таныстырды. Мажарстанмен арадағы берік ынтымақтастық пен ортақ іс-шаралар туралы кеңінен әңгімеледі. 

Өз кезегінде сөз алған И.Микола мырза мажарлар мен Ұлы даланың руханияты және мәдениетіндегі ортақ тұстардың көптігіне көңіл бөлді. Сонымен бірге, түркология мен шығыстану ғылымдарының Венгрияда өте жақсы дамығанын, әлемдегі алғашқы түркология факультетінің 1870 жылы Будапешт университетінде ашылғанын да атап өтті. Сондықтан мажар тарапы бұл салаларды әрмен қарай дамытуға құлықты екенін жеткізді. И.Микола мырза Венгрия мен көшпелі халықтар арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, ортақ мұраларды түгендеп, зерттеуге қосқан үлесі үшін Академияға алғысын білдірді. 


Тараптар кездесуде сонымен қатар, ортақ жобаларды жалғастыруға уағдаласып, болашақта бірлескен іс-шаралар жүргізу мүмкіндіктерін талқылады. 

Кездесу соңында Д.Қыдырәлі И.Миколаға Академия тарапынан әзірленіп, басылған құнды еңбектерді тарту етті. 

Айта кету керек, 2017 жылдың мамыр айында Венгрияның Сыртқы сауда және Сыртқы істер министрі Петер Сийярто мырза Мажарстанның Академияға толық құқылы бақылаушы мәртебесін алу үшін ресми өтінім берген болатын. Сондай-ақ, әйгілі мажар түркітанушысы Иштван Қоңыр Мандокидің 16 мың кітап пен құнды қолжазбалары бүгінде Түркі академиясының кітапханасында сақтаулы. 




Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы