Жаңалықтар

Академия Шивээт Улаан кешенінде жүргізілген экспедицияның ғылыми жаңалықтарын ұсынды

2628

Бүгін Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Моңғолиядағы көне түркілердің «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінде жүргізілген «Тәңіртаудан Өтүкенге дейін: Ұлы дала көшпенділерінің тарихи-мәдени  қазыналары» атты ІІ халықаралық экспедициясының ғылыми жаңалықтары мен қорытынды нәтижелерін жұртшылық назарына ұсынды.

Айтулы жиынға Әзербайжан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Маммадов, Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Мұса Йылдыз сынды лауазымды тұлғалар мен дипломаттар, Түркиядан, Қырғызстаннан келген және қазақстандық көрнекті түркітанушы, тарихшы ғалымдар қатысты. Сонымен қатар кездесуде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері болды.

1 (2).jpg

2 (1).jpg

Келелі жиынды ашқан Академия басшысы Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясы жанындағы Тарих, археология институтымен бірлесіп, түркиялық TİKA ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған Өтүкендегі ІІ халықаралық экспедиция жұмысының мақсаты мен маңызына тоқталды. Яғни, көне түркі дәуірінің қайталанбас бірегей әрі дара "Шивээт улаан" ғұрыптық кешенінің құрылысын, оның бітімі мен жалпы жобасын анықтау, археологиялық экспонаттарды айқындау, кешен құрамындағы таңбатас, адам және жануардың тасмүсіндерін ғылыми талдау мақсатындағы археологиялық қазба зерттеулері 2016 жылдың 2 шілде - 28 тамыз аралығында 58 күн бойы жүргізілген. Эспедиция тобы археологиялық қазба зерттеулерімен қатар, жаңа ескерткіштерді іздестіру, барлау жұмыстарын да жүргізген. Экспедиция құрамында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Татарстан, Башқұртстан, Тыва елінен және Моңғолиядан қырыққа жуық ғалым қатысты. Сондай-ақ, экспедиция аясында «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінде «Ұлы дала көшпелілері: тарихи-мәдени үндестіктер» атты ІІ түркі-моңғол археологтарының дала семинары болып өтті.

Осы тұста, TWESCO 2015 жылы Астана қаласында дәлме-дәл ғылыми көшірмесін орнатқан түркі ру-тайпалардың таңбасы қашалған «Мәңгі тастың» дәл осы «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінен табылғанын да айта кету керек. Мәңгі тастың тегістелген бет жағында 60-қа жуық түркі ру-тайпаларының таңбалары бәдізделген.

Таңбалы тастың тарихына тоқталған Академия басшысы түбі бір түркі тайпаларының таңбалары қашалған Мәңгі тас – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәңгілік ел идеясының айқын көрінісі және бабалар мұратының Ұлы Далада Қазақстан тәуелсіздігімен бірге қайта жаңғырғанын көрсететінін де айтып өтті.

Бұдан кейін бірлескен экспедицияға Академия тарапынан қатысқан ғалым Нәпіл Базылхан арнайы баяндама жасап, көпшілікке қысқаша ғылыми есеп ұсынды. 

4 (1).jpg

Осылайша, Түркі академиясының жобасы аясында жүргізілген қазба жұмыстары ең алдымен "Шивээт улаан" ғұрыптық кешенінің құрылымын анықтап берген. Кешен құрылысының жалпы өлшемі 120х45 метр. Жалпы құрылымы таспен қаланған, төртбұрыш созылыңқы пішінді 11 кішігірім мұнаралы қамал қабырғалардан құрылған. Бұдан бөлек, бас құрылыстың сегіз қырлы бөлігінің төртбұрыш текше іргетасты болғаны анықталып отыр. Жалпы, осы археологиялық зерттеулер барысында кешеннен 9 адам бейнелі, 4 жыртқыш аң бейнелі, 1 қозылы қой бейнелі, 3 қошқар бейнелі тасмүсін табылған.

Аталған ғұрыптық кешен бұрын да фин, орыс, моңғол зерттеушілері тарапынан зерттелген. Алайда, кешенде алғаш археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген Академия ұйытқы болған экспедициялық топ болып отыр. Аталған кешен мен Мәңгі тас туралы зерттеулерді Д.Қыдырәлі мен Г.Бабаяр «Түркі Мәңгі тасы: Шивээт Улаан таңбалы ескерткіші» атты ғылыми еңбек етіп жариялаған болатын.

Алқалы басқосуда сөз алған белгілі мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков бұрынғы түрік дәуірінің асқақ өркениет болмысын танытатын зерттеулердің бүгінгі бүтін Түркі әлемі үшін зор маңызға ие екенін айтты.

МЖ.jpg

Салтанатты жиын соңында Академия басшысы ғалым Нәпіл Базылхан мен экспедицияға қолдау көрсеткен Түркия Республикасы Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKА) Астана өкілі Ади Ихсан Чағларды «Түркі дүниесінің ықпалдастығы мен дамуына және түркітанулық зерттеулерге қолдау көрсеткені үшін» Құрмет грамоталарымен марапаттады. 

НБ.jpg

СЕ.jpg


Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы
Ахмет Биржан Ержиласун
Шығыстанушы 
Түркітанушы