Жаңалықтар

Академияда Мажар елшілігімен бірлескен алқалы шара өтті

928

Бүгін Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) Мажарстанның Қазақстандағы елшілігімен бірлесіп, мажар этнографы, профессор Михай Хоппалдың зерттеуі бойынша «Шамандар мен жора-рәсімдер» атты фотокөрме ұйымдастырды.

Көрменің ашылу салтанатына белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті түркітанушы ғалымдар, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері мен журналистер қатысты.


Алқалы шараны Академия басшысы Дархан Қыдырәлі құттықтау сөзімен ашты. Ол көрмеге арқау болған танымал мажар ғалымы Михай Хоппалдың шығармашылығы, әсіресе көшпенді халықтар мен шамандық ілімді зерделеген зерттеу жұмыстары жөнінде әңгімеледі. Сонымен бірге Венгрия мен Түркі академиясы арасында орнаған берік ынтымақтастық пен ғылыми жобалар туралы тарқатты.

Бұдан кейін сөз алған Түркі Кеңесі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамильоғлу, танымал тарихшы ғалымдар Оразақ Смағұлұлы мен Болат Көмеков мажар-түркі рухани байланыстары жөнінде пайымды пікірлерін білдірді.

Алдын хабарлағанымыздай, 2017 жылдың қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-ші сессиясы шеңберінде өткен Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде Мажарстанның Түркі академиясына бақылаушы мәртебесін алу туралы өтінімі бірауыздан мақұлданған болатын. Д.Қыдырәлі осыған орай Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Андраш Барани мырзаға ілтипатын білдірді. Сонымен бірге, салтанатты шара аясында А.Бараниге «Тамырлас xалықтар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан зор үлесі және ғылым-білім саласындағы байланыстарды тереңдетудегі жемісті қызметі үшін» құрмет грамотасын тапсырды.


Өз кезегінде Елші Түркі академиясы ұжымына көшпенді халықтар мәдениетін зерттеп, насихаттаудағы қызметі үшін ризашылық білдірді. Бұдан бөлек, А.Барани мырза TWESCO басшысы Дархан Қыдырәліге Мажарстан президентінің жарлығына сәйкес тағайындалған Мажарстанның офицерлік крест орденін салтанатты түрде табыс етті.


Естеріңізге сала кетейік, Венгрияның ең жоғары мемлекеттік марапаты Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы ғылыми және мәдени қарым-қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ танымал түркітанушы Иштван Қоңыр Мандокидің құнды еңбегін сақтауға қосқан үлесі үшін Мажарстан Премьер-министрінің ұсынуымен биылғы тамыз айында тағайындалған еді.


Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы
Саул Менделевич Абрамзон
учёный-этнограф, тюрколог, кандидат исторических наук