Жаңалықтар

Парижде өтіп жатқан «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: қадымнан келешекке түркі тілі» атты халықаралық форумында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековтың құттықтау хаты оқылды

1825


«Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған форум жұмысына қатысушыларды шын жүректен құттықтаймын! Жиырмаға жуық елден келген ғалымдар, түркітанушылар, зерттеушілер форум барысында түркі халықтары мен түркі тілінде сөйлейтін ұлттардың қарым-қатынасын нығайта түсетініне сенімдімін», деді И.Әлиевтің хатын оқып берген Әзербайжанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Анар Кариев.
Бұдан бөлек, Әзербайжан Президенті іс-шараның әлемдегі мәдени мұраларды қорғаумен шұғылданатын ЮНЕСКО-да өтуінің маңызы зор екенін атап көрсетті. Сондай-ақ И.Әлиев форумның түркі халықтары арасындағы қарым-қатынасты нығайтумен қатар, ғалымдар мен зерттеушілердің өзара байланыс орнатуына мүмкінідк беретініне сенім білдірді.
«Әзербайжан әрдайым Түркі тілдес мемлекеттер мен халықтар арасындағы бүкіл саладағы байланыстың дамуын қолдап келеді. Форум аясындағы пікірталастар мен талқылаулар қазіргі таңда Түркі тілдері кездесіп отырған мәселелерді шешуге, әріптестікті және қарым-қатынасты нығайтуға көмектеседі деп сенемін», делінген құттықтау хатта.
Бұдан кейін Қырғызстанның Франциядағы Тұрақты және өкілетті елшісі Асейин Исаев С.Жээнбековтың құттықтауын оқып берді. Қырғызстан басшысы өз хатында форум барысында Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойы аталып өтуінің маңызы зор екеніне тоқталды.
«Шыңғыс Айтматов ‒ қырғыздың атақты гуманист-жазушысы, драматург, көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткері. Оның шығармаларында өткен мен келешек, ұлттық және жаһандық мәселелері айтылып, замандастарының дүние танымын кеңейте түскен», дей келе құттықтау хатта Ш.Айтматовтың еңбектерінің маңызы айтылған.
Сонымен қатар С.Жээнбеков 2018 жылғы қазанда Қырғызстанда Шыңғыс Айтматовқа арналған үлкен жиынның өтетінін жеткізді.  «ЮНЕСКО мен Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған форумға қатысушыларға шығармашылық тілеймін», деп қорытындыланған Қырғызстан Президентінің құттықтау хаты.
Айта кету керек, іс-шара ЮНЕСКО-ның «Мұраны сақтау, насихаттау және жалғастыру» стратегиялық міндетіне үлес қосу мақсатымен ұйымның штаб-пәтерінде өтіп жатыр. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара Түркі әлемінің құндылықтарын зерттеп, зерделеу және насихаттауды мақсат еткен.
Жиынға 16 елден ғылым, мәдениет және қоғам қайраткерлері, саясаткерлер мен дипломаттар қатысты. Форум барысында қатысушылар «Түркі жазба ескерткіштері», «Түркі тілі мен әдеби-мәдени мұралары», «Түркі тілдерінің таралу ареалдар» мәселелері төңірегінде баяндамалар жасайды.


Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы
Ахмет Биржан Ержиласун
Шығыстанушы 
Түркітанушы