Жаңалықтар

Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына төрағалық етті

688

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысы өтті. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынды ашқан Мемлекет басшысы отырысқа қатысқаны үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы А.Гутерришке, Польша Республикасының Президенті А.Дудаға және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше басқа да елдердің делегация басшыларына ризашылық білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев бекітілген күн тәртібіне сәйкес, сөзді БҰҰ-ның Бас хатшысы А.Гутерришке берді. А.Гутерриштің баяндамасынан кейін Мемлекет басшысы Кеңес мүшелеріне арнап мәлімдеме жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жұмысына өткен жылғы қосқан үлесін атап өтті.


Қазақстан Президенті бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізу жолындағы сенім шаралары шиеленістің алдын алу және маңызды жаһандық проблемаларды шешу кезінде негізгі рөл атқаратынын айтты.

Мемлекет басшысы сенім шараларын күн тәртібінен түсірмеу қажеттігін айтып, бұған ықпал ететін бірнеше факторды атап өтті.

Қазақстан Президенті Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа негізделген қаруды таратпау режімін нығайту мәселесінде терең ментальді өзгерістер мен көпжақты жаңа саяси шешімдер қажет екенін айтты.

Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев қаруды таратпау саласындағы сенімді нығайта түсуге бағытталған бірқатар шараларды ұсынды.


Соңында Мемлекет басшысы қақтығыстарды тиімді шешу үшін әлемдік ядролық державалар арасында өзара түсіністік пен өзара сенім орнатудың маңыздылығына назар аударды.

Сондай-ақ, Кеңес отырысы барысында Польша Президенті А.Дуда, Кувейт Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Шейх Сабах Халед Әл-Сабах және Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі С.Лавров сөз сөйледі.

Бұдан бөлек, Қазақстан басшысы Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті. Кездесу барысында тараптар Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығымен байланысты өзекті мәселелерді талқылады.



Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы