Жаңалықтар

Семейде Әмір Нәжіп аудиториясы ашылды

332

Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде түркітанушы ғалым, полиглот, түркі тілдерінің білгір маманы Әмір Нәжіп атындағы аудитория ашылып, ескерткіш тақта орнатылды. Салтанатты рәсімді Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) ұйымдастырды.


Ғалымның дүниеге келгеніне 120 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараға Академия президенті Дархан Қыдырәлі, ғалымның перзенті Эльмира Нәжіпова, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, тарихшы Мұхтарбек Кәрімов, ақынТыныштықбек Әбдікәкімов, колледж директоры Шағангүл Жанаева және зиялы қауым өкілдері қатысты. Түрколог ғалымның құрметіне арналған жиын барысында Академия басшысы колледжге Әмір Нәжіптің «Историко-сравнительный словарь тюркских языков XIV века» деп аталатын 4 томдық еңбекті және ұйым шығарған өзге де бірқатар кітаптарды тарту етті.

Естеріңізге салар болсақ, танымал түрколог Әмір Нәжіп Семей өңіріндегі Бақты ауылында 1899 жылы дүниеге келген. Ол ХХ ғасырдың басында "Мүғалімдер семинариясы" деп аталған М.Әуезов атындағы педогоикалық колледжде білім алған. Сонымен қатар, Мұхтар Әуезовпен бірге "Ярыш" футбол командасында ойнаған.

Жиырмаға жуық тіл білген ғалым XIV ғасырда Алтын Орда мен оның одақтасы болған қыпшақ мәмлүктер билігіндегі Мысыр территориясында жазылған әдеби көркем туындыларды зерттеді. XIV ғасырда Сыр бойында жазылған «Мұхаббат-наменің» мәтінін 1961 жылы Мәскеуде жариялап, ескерткіштің түпнұсқасы, транскрипциясы, орысша аудармасы және сөздігін жасайды. 1966 жылы 33 мың сөзден тұратын «Ұйғырша-орысша сөздікті» құрастырды. Әмір Нәжіп докторлық диссертациясында Сәйф Сараидің «Гүлстанын» тарихи салыстырмалы тұрғыдан зерттеп, бұл мұраның қыпшақ-оғыз әдеби тілінде жазылғанын анықтаған. Ол еңбек «Тюркоязычный памятник XIV века Гулистан Сейфа Сараи и его язык» деген атпен 1975 жылы Алматыда жарық көреді. Сонымен қатар, Құтбтың «Хұсрау мен Шырын» шығармасындағы 2500 сөзді қамтитын «Историко-сравнительный словарь тюркских языков XIV века» деп аталатын 4 томдық еңбек жазды.

Алайда, ғалымның бұл еңбегінің алғашқы томы ғана көзі тірісінде жарық көрген болатын. Кейін Халықаралық Түркі академиясы ғалымның осы еңбегін 2017 жылы «Қазіргі түркология» сериясымен жариялаған еді.


 



Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы