Жаңалықтар

TWESCO Алматыда әйгілі түркітанушыларды марапаттады

863

Бүгін Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) Алматы қаласында түркология ғылымына сүбелі үлес қосқан әйгілі академик ғалымдар Әбдуәли Қайдар, Рабиға Сыздық және Шора Сарыбайды арнайы медальдармен марапаттады.

Марапаттау рәсімі түркі әлеміне ортақ құндылықтарды саралау мақсатымен Ғылым ордасында өткізілген «Рухани жаңғыру: тұлғалар тағылымы» атты дөңгелек үстел аясында болды.


Танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысқан алқалы шарада Академия басшысы Дархан Қыдырәлі тоқсанның төріне шыққан марапат иелерінің қазақ елінің ғана емес, түгел түркі жұртының ғылымына сіңірген еңбегіне айрықша тоқталды.

TWESCO марапаты академиктерге «Түркітану ғылымының дамуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін» тағайындалып отыр.

Академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар – 1924 жылы Алматы облысында өмірге келген ғалым. Ұлы Отан соғысының ардагері. жарты ғасыр бойы қазақ және ұйғыр тілдері мен жалпы және салыстырмалы түркітану мәселелерін зерттеумен шұғылданды. Оның жалпы түркітану ғылымына, оның ішінде, әсіресе, қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан нақтылы үлесі мен сіңірген еңбегі жеке монография, оқулық, сөздік, жинақ, мақала түрінде 400-ден астам (жалпы көлемі 600 б.т.) ғылыми зерттеулерде көрініс тапты. Көптеген мемлекеттік және халықаралық сыйлықтардың иегері.


Академик Рабиға Сәтіғалиқызы Сыздық – 1924 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген ғалым. Докторлық диссертациясын 1972 жылы “Абай шығармаларының тілі” тақырыбында қорғаған. Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ әдеби тілінің тарихы, Абайдың поэтиккалық тілі, қазақ тілінің поэтикасы, XV – XIX ғасырлардағы ақын-жыраулар тілі, ортағасырлық жазба ескерткіштер тілінің тарихы мен лексика-грамматикалық құрылымы, текстологиясы, тарихи лексика, лингвостилистика, тіл мәдениеті салаларына арналған. Көптеген мемлекеттік және халықаралық сыйлықтардың иегері.


Академик Шора Шамғалиұлы Сарыбай – 1925 жылы Өзбекстан астанасы Ташкент шаһарында туған. Ғылыми-зерттеу еңбектері диалектология, морфология, лексикология, лексикография, библиография, тіл тарихы, аударма, есімнама, алтаистика мәселелеріне арналған. 250-ден астам ғылыми мақалалар мен оқулықтары, монографиялары жарық көрген. Ғалымның «Қазақтың аймақтық лексикографиясы» (1976) монографиясы — түркітану ғылымында аймақтық лексикография теориясына арналған алғашқы еңбек. Ал, 1989 жылы «Түркітану әдебиетінің библиографиясын» (1989) бастырып шығарған. 1965 ж. АҚШ-тағы Гарвард корпорациясының мүшелігіне сайланған. Көптеген мемлекеттік және халықаралық сыйлықтардың иегері.



Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы