Жаңалықтар

TWESCO Қазақстанда Имадеддин Нәсими жылын ақынның қазақ тіліндегі жыр жинағының тұсауын кесумен ашты

284

Халықаралық Түркі Академиясы ІҮ Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде 25 сәуір күні түркі әлеміне ортақ тұлға Имадеддин Нәсимидің қазақ тіліндегі «Өлеңдер» жинағы, сонымен бірге «Әзербайжан әдебиетінің антологиясы» атты кітаптардың тұсаукесерін өткізді. Осы тұсаукесер рәсімі арқылы Академия Қазақстанда Имамеддин Нәсими жылын ресми түрде ашты.


 Бұл еңбектер Имадеддин Нәсимидің туғанына 650 жыл толуына орай жарық көріп отыр. Іс-шараға Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Маммадов, Әзербайжан Парламентінің депутаты Мұса Гулиев, Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, филология ғылымының докторы, Еуразия Ұлттық Университетінің профессоры Амантай Шәріп және Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясының өкілі Закулла Байрамлы қатысты.


   Тұсаукесерде сөз алған Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Маммадов: «12 ғасырда Имамеддин Нәсимимен қатар ұлы Низами сияқты көптеген шайырлар болған. Бірақ Нәсимидің ерекшелігі, ол көне түрікше, әзербайжан тілінде жазған. Ол өз шығармашылығы арқылы тілімізді де байытты. Нәсими түркі дүниесіне ортақ тұлға. Осы кітапты басып шығарған Түркі Академиясына өз алғысымызды білдіреміз» - деген ойын ортаға салды.


    Ал Әзербайжан Парламентінің депутаты Мұса Гулиев: «Мәдениет бізді жақындастырады. Осындай нәрселер бір бірімізді тереңірек біле түсуге мүмкіндік береді. Келешекте Әзербайжанда қазақ ақындарының шығармаларына арналған осындай көрмелер ұйымдастырылады деп ойлаймын. Қазақ әдебиетінің антологиясын әзербайжан тіліне аударып шығару қажет деген пікірдемін» - деді.


   Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі: «Имамеддин Нәсими сопылық әдебиеттің ірі өкілі. Ол Халладж Мансур, Қожа Ахмет Яссауи сияқты Тәңірлік түсінікті жырлаған. Соны халықтың тілінде жырлаған, түркі тілінің дамуына үлкен үлес қосқан көрнекті ақын. Әмір Темірдің кезінде өмір сүрген» - деп түркі әлеміндегі рух және дәстүр сабақтастығы туралы айтты.     

 

Тұсаукесер барысында таныстырылған екінші «Әзербайжан әдебиетінің антологиясы» атты кітапқа ең үздік проза, поэзия және драматургиялық шығармалар енгізілді. Іс-шара кезінде Имамеддин Нәсимидің өлеңдері әзербайжан және қазақ тілдерінде оқылды.


Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы
Рашид Абдуллович Аганин
Түркітанушы-лингвист, филология ғылымдарының кандидаты.