Жаңалықтар

Халықаралық Түркі Академиясы (TWESCO) ІҮ Еуразиялық кітап көрмесінде жаңа кітаптардың тұсауын кесті

297

Халықаралық Түркі Академиясы ІҮ Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне қатысты. Биыл Түркі Академиясы Қазақстан Жазушылар одағымен бірігіп аталған көрмеде, яғни 24 сәуір күні осы шарада манасшы Мергенбай Медеров жырлаған «Манас» эпосының, Шыңғыс Айтматовтың «Балалық шақ» шығармасының, сонымен қатар танымал қырғыз жазушысы, Қырғызстан президентінің кеңесшісі Сұлтан Раевтың «Жанжаза» романы мен «Қазіргі қырғыз поэзиясы» секілді кітаптарды таныстырды. 


Іс-шараға жазушы, драматург, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Сұлтан Раев, Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстандағы Қырғызстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Жеенбек Құлыбаев, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулетов қатысты.   



Жазушы-драматург, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Сұлтан Раев өз сөзінде: «Осы «Жанжаза» романын қазақ тілінде шығаруға мұрындық болған Халықаралық Түркі Академиясына алғыс айтамын. Бұл кітап өзі алғаш 2013 жылы қырғыз тілінде жарық көрді. Алғысөзін Мұрат Әуезов жазған еді. Ал 2014 жылы Лондонда орыс тілінде шықты. Былтыр Анкарада түрік тілінде шықты. Биыл енді біртуған қазақ бауырларымыз қазақ тілінде басып отыр. Мен өте разымын. Көп рахмет» - деді.


              Жиында сөз алған Қырғызстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Жеенбек Құлыбаев: « Қырғыз елінің байырғы атамұрасын, ұлы «Манас» эпосын Шыңғыс Айтматов менің рухани паспортым деп айтқан. «Манас» ата және Шыңғыс Айтматов Қырғыз елінің құты және Түркі жұртының мақтанышы. Шыңғыс Айтматовтың «Балалық шақ» шығармасының, Қырғызстан президентінің кеңесшісі, мәдениет қайраткері Сұлтан Акимович Раевтың «Жанжаза» және «Қазіргі қырғыз поэзиясы» кітаптарының қазақ тіліне аударылып, Қазақстанда таралуы үлкен жаңалық қырғыз-қазақ мәдениетінің бірге ілгері дамуына жасалған үлкен қадам деп есептеймін. Елбасы, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының концепциясы негізінде екі елдің тарихын, мәдениетін танытанын жақсы, біріккен жобаларды жасауға қазір жақсы мүмкіндіктер бар. Осы мүмкіндіктерді қолдануымыз керек. Қырғыз бен қазақ туысқан елдер. Екі елдің біртуған достығы мен мәдениеттері өркендеп өсіп, дүние жүзіне таныла береріне сенемін» - деген ойын жеткізді.



Ал, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулетов: «Арғы тарихымыздың, арғы түбіміздің жақындығын «Манастан» табуға болады. Бұл халықтарды тұтастыратын, түркі халықтарын жақындастыратын шығарма. Сондықтан оның латын алфавитінде, келешектің алфавитінде шығып жатқанына қуанып отырмын. Осы үшін Түркі Академиясына разышылығымызды, алғысымызды білдіріп қоюымыз керек» - деген ниетін білдірді.



Халықаралық Түркі академиясы Қырғызстанмен мәдени-рухани байланыстарды жүйелі түрде нығайтып келеді. Академия осы уақытқа дейін түркі дүниесіне ортақ 140 – қа жуық кітап басып шығарды.

 

 


Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы