Жаңалықтар

Астанада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтті

2572

Мемлекет басшысы Астанаға әлемнің 39 елінен келген Дүниежүзілік құрылтайдың барлық қатысушыларына арнап сөз сөйледі, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Елбасы алғашқы Құрылтай өткеннен бергі 25 жыл ішінде Қазақстанның жеткен жетістіктерін және елімізде жүргізілген реформаларды атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев рухани жаңғыру аясында іске асырылып жатқан 6 жобаға, соның ішінде қазақ қарпінің латын әліпбиіне көшуі, гуманитарлық бағыттағы үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару, «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сияқты жобаларға ерекше тоқталды.

Қазақстан Президенті мемлекетіміз бен қоғам тарапынан қандастарымызды қолдаудың маңыздылығын айтып, «Отандастар» қорын құруды тапсырды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы елшіліктерге Қазақстанға оралушылардың құжаттарын дайындау және оларға кеңес беру жөніндегі жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті іргелес елдерде мемлекеттік телеарналардың көрсетілуі мен мерзімді баспасөздің таралу мәселелерін пысықтау, қандастарымыз арасындағы дарынды және кәсіби мамандарды елге тартып, оларды бейімдеу тетіктерін қарастыру, еліміздің оңтүстігінен солтүстік облыстарына қоныс аудару бағдарламасына қатысқан азаматтарымыздың орналасуына жағдай жасап, оларды жұмыспен қамту жөнінде тапсырмалар берді.


Елбасы сөзінің соңында Құрылтайға қатысушыларға Астананы аралап көріп, «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін тамашалау жөнінде ұсыныс айтты.

Құрылтай соңында Мемлекет басшысы шетелдегі ағайынның Атамекенді ұмытпай, оны әрдайым құрмет тұтуға шақырды.

– Шетелдегі қазақтардың елге жиі келіп, туған жерімен байланыстарын нығайтып отырғаны дұрыс. Қай елде тұрсаңыздар да, әрдайым Қазақстанды жүректеріңіздің төрінде ұстаңыздар. Қазақтың тарихи отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан, – деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кету керек, 1992 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Дүниежүзі қазақтары құрылтайының жұмысына бүгін Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) басшысы Дархан Қыдырәлі қатысып, арнайы баяндама жасады. Ол өз сөзінде мәдени жауһарларымызды жаһанға жүйелі таныту мақсатында шет елдерде, әсіресе диаспора шоғырланған елдерде арнайы орталықтар ашылса деген ұсыныс білдірді.

 


Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы
Ахмет Биржан Ержиласун
Шығыстанушы 
Түркітанушы