Жаңалықтар

ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: қадымнан келешекке түркі тілі» атты халықаралық форум өтті

982

Халықаралық Түркі академиясының негізгі міндеттерінің бірі түркі халықтарының ортақ құндылықтары мен мұраларын зерттеп, зерделеу және насихаттау болып табылады. Бұл бағытта Академия 2015 жылы Францияда «Қорқыт мұрасы және түркі әлемі» халықаралық форумын өткізді. Сондай-ақ XV ғасырға дейінгі «Ортақ Түркі тарихы» оқулығы дайындалды; «Ортақ Түркі географиясы» мен «Ортақ Түркі әдебиеті» оқулықтарының тұжырымдамалары әзірленіп, тараптардың талқысына жіберілді.

Сондай-ақ 6 түркі мемлекетінің тұрғындары арасында тұңғыш рет жүргізілген «Түркі барометрі» әлеуметтік зерттеу жобасы жүзеге асырылды.


Осындай шаралардың жалғасы ретінде Халықаралық Түркі академиясы ЮНЕСКО-ның Орта мерзімді стратегиясы ( 2014-2021 ж.ж.) аясында ЮНЕСКО-ның «Мұраны сақтау, насихаттау және жалғастыру» стратегиялық міндетіне үлес қосу мақсатымен 2018 жылдың 30 сәуірінде ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: қадымнан келешекке түркі тілі» атты халықаралық форум өткізді.


Форумда түркі әлемінің құндылықтарын зерттеп, зерделеу және насихаттау мақсатында жұмыстар 3 секция бойынша жүргізілді.

І секция : «Түркі жазба ескерткіштері»;

ІІсекция : «Түркі тілі мен әдеби-мәдени мұралары»;

ІІІсекция : «Түркі тілдерінің таралу ареалдары».

Осы секцияларда халықаралық деңгейдегі зерттеушілер түркі жазба ескерткіштері, түркілер қолданған жазулар, қазіргі түркі тілдері мен олардың таралу ареалдары, ерекшеліктері, жойылып бара жатқан және жойылу қаупіндегі түркі тілдері сынды өзекті мәселелерді арқау етіп М.Ж.Жолдасбеков(Қазақстан), Д.Д.Васильев(Ресей), И.Л.Кызласов(Ресей), С.Хурцбаатар(Германия), Р.Монхтулга(Монголия), Д.Лавринович(Литва), О.Огуз(Түркия), М.Иванич(Венгрия), О.Ибраимов(Қырғызстан),Н.А.Назаров(Тәжікстан) т.б. ғалымдар арнайы баяндамалар жасады.


Аталмыш маңызды халықаралық жиынға 16 елден ғылым, мәдениет және қоғам қайраткерлері, саясаткерлер мен дипломаттар қатысты. Сонымен қатар айтулы шараның жұмысына тілдері жойылып бара жатқан сары ұйғыр, шор, тыва, алтай, қарайым, кашкай, ноғай сияқты түркі халықтарының өкілдері де атсалысты.

Ата-бабаларымыз мәңгілік тасқа қашап жазып кеткендей «мың жылдық, түмен күндік білігіміз бен белгіміз» болсын деген ізгі де ықыласты ниетпен осынау мерейлі шара ұйымдастырылды.


Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы
Ахмет Биржан Ержиласун
Шығыстанушы 
Түркітанушы