Жаңалықтар

Түркі академиясында қазақ, түрік әдебиетшілерімен кездесу өтті

1026

Бүгін Түркі академиясы халықаралық ұйымында (TWESCO) Түркияның Гази университетінің оқытушысы, әдебиетші-ғалым Джемиле Кынаджы мен Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігінің хатшысы, жазушы Мәлік Отарбаевпен кездесу болды.

Академия қызметкерлерімен өткен басқосуда әдебиетшілер қазақ-түрік әдеби байланысы, аударма мәселесі төңірегінде жан-жақты әңгімеледі.

Біраз жылдар бойы қазақ әдебиетін зерттеп жүрген Дж.Кынаджы ханым Ж.Аймауытов, С.Мұқанов, М.Әуезов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауын секілді көрнекті жазушылардың 16 романын зерттеп, түрік тілінде монографиялық еңбек жариялаған екен. С.Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы мен Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпан» романын түрік тіліне аударып, кітап етіп басып шығарған ғалымның айтуынша, түрік оқырмандарының қазақ әдебиетіне деген қызығушылығы ерен. Әсіресе, күрескер қазақ әйелінің образы сомдалған «Ұлпан» түркиялық оқырман тарапынан зор ықыласқа ие болған шығарма дейді.

Ал, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 қазақ қаламгерінің шығармаларын түрік тіліне аударып басқан жазушы М.Отарбаев аударма мәселесінің қыр-сыры жөнінде өз ойлары мен тәжірибесімен бөлісті. Қазақ-түрік әдебиетінің ұқсастығы мен айырмашылықтары, зерттелуі жөнінде де пайымды пікірлерін ортаға салды. Жазушы-аудармашы М.Отарбаев бүгінде танымал түрік ақыны Жүніс Әміренің шығармаларын қазақшаға аударуда екен. Таяуда қазақ оқырмандарына кітап күйінде ұсынамыз деді.

Айта кетерлігі, бұл кездесу ЭКСПО-2017 көрмесіне орай ЮНЕСКО және ИСЕСКО қамқорлығымен Астанада өтіп жатқан «Оқу әлеміндегі оқырман ұлт» халықаралық кітапхана симпозиумы аясында ұйымдастырылды.


Ай:
Жыл:

Тізімге қайта оралу

Оқырмандарға

Биография /

Барлығы
Рашид Абдуллович Аганин
Түркітанушы-лингвист, филология ғылымдарының кандидаты.