Жаңалықтар

Академия басшысы «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» конференциясына қатысты

Бүгін Нұр-Cұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастыруымен «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» атты халықаралық конференция өтті.

Онлайн форматта өткен алқалы жиынға  Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркия Республикасы Президентінің кеңесшісі Ялчин Топчу, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджи, «Елбасы Академиясы» Корпоративтік қорының Басқарушысы директоры Мұрат Жұманбай, сондай-ақ Әзербайжан, Қазақстан Өзбекстан ғылыми ұйымдарының жетекшілері мен белгілі ғалымдар қатысты.

Алқалы жиын 2021 жылғы 31 наурызда өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі (Түркі кеңесі) бейресми саммитінің қорытындыларын сараптап, жүзеге асыру мәселелерін талқылауға арналды.

Конференция барысында қатысушылар түгел түркінің төрі саналатын Түркістан қаласының тарихи-мәдени орны, сондай-ақ түркі интеграциясындағы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың рөлі туралы мазмұнды баяндамалар жасады.

Басқосуда сөз сөйлеген Академия басшысы Дархан Қыдырәлі Саммиттің тарихи маңызына тоқталып, оның бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсетін айтулы оқиға екенін атап өтті.

– Түркістанның мәртебесін айқындап, әлеуетініне серпін берген, түгел түркінің төріне айналдырып, тамырластығы пен бауырластығын бекемдей түскен Саммиттегі басты оқиға ретінде «Түркістан декларациясы» қабылданып, «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» болып жарияланды. Бұл ретте, «Түркістан декларациясы» Қазақстанның түркі әлеміндегі көшбасшылық ұстанымдарын бекітудің тағы бір байсалды қадамы деп бағалауға болады,  – деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ, конференция барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, археолог Зейнолла Самашев, Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің «Философия және руханият негіздері» кафедрасының меңгерушісі Нигинахон Шермухамедова, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының Саяси зерттеулер орталығы директоры Айдар Әмребаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Жақсылық Сәбитов баяндама жасады.

Close