Жаңалықтар

Шыңғыс Айтматов туралы деректі фильм түсіріліп жатыр

Түркі дүниесінің тұғырлы тұлғасы, әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов туралы деректі фильм түсіріліп жатыр. Бұл туралы бүгін ХVII Еуразиялық медиа-форум аясында Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған дөңгелек үстелде “Qazaqstan” телерадио корпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай айтты.

“Жақында бізге бауырлас Қырғыз елінен бірқатар жетекші телеарналардың басшылары келді. Студияларымызды көріп, өндірістік мүкіндіктерімізбен танысты. Әріптестік туралы меморандумға қол қойдық. Осының нәтижесінде біз қырғызстандық әріптестерімізбен бірлесіп, ұлы жазушы Шыңғыс Айтматов туралы деректі фильм түсіріп жатырмыз” — деді Ләззат Мұратқызы.

Айта кету керек, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ХVII Еуразиялық медиа-форум басталды. Алқалы жиын аясында Халықаралық Түркі академиясы “Түркі елдеріндегі БАҚ. Жаңа жағдайдағы ынтымақтастықтың дамуы” атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Алқалы жиынға түркі тілдес елдердің, сондай-ақ, Мажарстан мен Тәжікстанның танымал медиа-менеджерлері, атап айтқанда, Әзербайжан Президентінің бұрынғы баспасөз хатшысы, тележүргізуші Тофиг Аббасов, “Qazaqstan” телерадио корпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай, Түркияның NTV арнасының сыртқы жаңалықтар қызметінің менеджері Ахмет Йешилтепе, Мажарстанның «Дуна» телекомпаниясының директоры Палффи Иштван, Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Физули Маджидли, Түрікменстан мемлекеттік ақпарат агенттігінің бас директорының орынбасары Сяхемурад Какышев, Тәжікстанның «Авеста» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Джанатхон Курбанова, сонымен қатар белгілі БАҚ өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Close