Жаңалықтар

Тофиг Аббасов: Түркі елдері журналистерінің әріптестік байланыстарын нығайту үшін тұрақты платформа керек

Түркі елдері кәсіби журналистерінің әріптестік байланыстарын нығайта түсетін тұрақты платформа құру қажет. Бүгін Халықаралық Түркі академиясы ХVII Еуразиялық медиафорум аясында ұйымдастырған «Түркі елдеріндегі БАҚ. Жаңа жағдайдағы ынтымақтастықтың дамуы» атты дөңгелек үстелде Әзербайжан Президентінің бұрынғы баспасөз хатшысы, танымал тележурналист Тофиг Аббасов осындай ұсыныс айтты.

“Бізді біріктіретін өте берік факторлар бар. Атап айтқанда біздің арғы тарихымыз ортақ, мәдениетіміз де тамырлас. Сондықтан біздің жақын байланыстарымыз үшін бір форум аясындағы басқосу аздық етеді. Біздің кәсіби журналистер үшін әріптестік байланыстарын бекемдей түсетін тұрақты платформа құру қажет. Мен бұл жерде тек кәсіби журналистерді айтып отырмын. Әлеуметтік желі яғни жалпы медиа саласы туралы әңгіме мүлдем бөлек болуы қажет”, – деді Тофиг Мохсеноғлы жиында сөйлеген сөзінде.

Айта кету керек, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында VIII Еуразиялық медиа-форум басталды. Алқалы жиын аясында Халықаралық Түркі академиясы “Түркі елдеріндегі БАҚ. Жаңа жағдайдағы ынтымақтастықтың дамуы” атты дөңгелек үстел өткізді. Алқалы жиынға Әзербайжан Президентінің бұрынғы баспасөз хатшысы, тележүргізуші Тофиг Аббасов, “Qazaqstan” телерадио корпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай, Түркияның NTV арнасының сыртқы жаңалықтар қызметінің менеджері Ахмет Йешилтепе, Мажарстанның «Дуна» телекомпаниясының директоры Палффи Иштван, Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Физули Маджидли, Түрікменстан мемлекеттік ақпарат агенттігінің бас директорының орынбасары Сяхемурад Какышев, Тәжікстанның «Авеста» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Джанатхон Курбанова, сонымен қатар белгілі БАҚ өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Close