Жаңалықтар

Ләззат Танысбай: Қорқыт ата туралы телесериал түсіруге дайындық жұмыстары басталды

Қазақстанда түркі әлемінің ұлы ойшылы Қорқыт ата туралы телесериал түсіруге дайындық жұмыстары басталды. Бұл туралы бүгін Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған “Түркі елдеріндегі БАҚ. Жаңа жағдайдағы ынтымақтастықтың дамуы” атты дөңгелек үстел барысында “Qazaqstan” телерадио корпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай мәлімдеді.
Оның айтуынша, корпорация Қорқыт ата туралы телесериал түсіруге дайындық жұмыстарын бастаған. “Бұл телехикаяны күллі түркі әлеміне ортақ өнім ретінде жасауға және сіздердің телеарналарыңызға ұсыну ойымызда бар. Сондықтан түсіру жұмыстарын басқа бауырлас елдердің аумақтарында да жүргізетін боламыз. Осыған түркі тілдес елдердегі серіктестерімізді атсалысуға шақырамыз” — деді “Qazaqstan” телерадио корпорациясының басшысы.

Айта кету керек, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ХVII Еуразиялық медиа-форум басталды. Алқалы жиын аясында Халықаралық Түркі академиясы “Түркі елдеріндегі БАҚ. Жаңа жағдайдағы ынтымақтастықтың дамуы” атты дөңгелек үстел өткізді. Алқалы жиынға Әзербайжан Президентінің бұрынғы баспасөз хатшысы, тележүргізуші Тофиг Аббасов, “Qazaqstan” телерадио корпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай, Түркияның NTV арнасының сыртқы жаңалықтар қызметінің менеджері Ахмет Йешилтепе, Мажарстанның «Дуна» телекомпаниясының директоры Палффи Иштван, Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Физули Маджидли, Түрікменстан мемлекеттік ақпарат агенттігінің бас директорының орынбасары Сяхемурад Какышев, Тәжікстанның «Авеста» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Джанатхон Курбанова, сонымен қатар белгілі БАҚ өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Close