Академия туралы

2009 жылдың 3 қазанында Әзербайжан Республикасының Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Қазақстан Республикасының  Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсыныс жасады.

2010 жылдың 25 мамыры күні Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Түркі академиясы ашылды. Бірегей ғылыми-зерттеу орталықтың тұсаукесеріне ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдуллаһ Гүл сонымен қатар, Қазақстан, Түркия, АҚШ, Ресей (Татарстан, Башқұртстан, Чуваш, Якутия), Өзбекстан, Қырғызстан, Украина мемлекеттерінің көрнекті түрколог ғалымдары қатысты.

Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте 2012 жылдың 22-23 тамызы күндері өткен Түркі Кеңесі ІІ саммитінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Республикасының 11-ші Президенті Абдуллаһ Гүл, Қырғыз Республикасының 4-ші Президенті Алмазбек Атамбаев пен сол кездегі Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Артур Расизаде Түркі академиясына халықаралық мәртебе беру жөніндегі келісімге қол қойды. Келісімді құрушы елдер ратификациялағаннан кейін Қазақстанда 2010 жылы құрылып, жұмыс істеп тұрған Түркі академиясы 2014 жылдың 28 тамызынан бастап халықаралық мәртебеге ие болды. Осылайша түркітілдес төрт елдің (Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Түркия Республикасы) ерікті түрде құрған Астанада орналасқан бірегей халықаралық ғылыми ұйымы — Түркі Академиясы (ITA - International Turkic Academy) өз жұмысын бастады.

Мақсатымыз: Көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі әлемі тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеп түркі мемлекеттерінің әлемдік өркениеттегі орны мен ерекше үлесін төлтума деректер негізінде аша отырып жалпы түркі әлеміне қатысты ғылыми зерттеулерді үйлестіретін бірегей орталыққа айналу.

Миссиямыз: Түркі халықтарының ғылыми қауымдастығының ғылым мен білімінің дамуы, сондай-ақ басқа да түркі тілдес мемлекеттер қайраткерлерінің бастамаларына жағдай жасау және олардың басын бір арнаға тоғыстыру.