COMSTECH ұйымының Бас үйлестірушісі М.Икбал Чоудхари Түркі академиясының Алтын медалімен марапатталды

2022-05-30 21:01:34 56

26-27 мамыр аралығында Алматы қаласында өткен «Әл-Фараби – Иқбал» халықаралық форумы аясында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі COMSTECH ұйымының Бас үйлестірушісі, профессор М.Икбал Чоудхариге әл-Фараби мұраларын насихаттауға және түркі әлеміндегі ынтымақтастықты дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін Академияның арнайы «Алтын медалімен» марапаттады.

Айта кету керек, профессор, доктор Мухаммад Икбал Чоудхари – әлемге әйгілі ғалым. Ол халықаралық журналдарда органикалық және биоорганикалық химия салалары бойынша 1175 ғылыми мақалалар, 76 кітап және АҚШ пен Еуропаның ірі баспасөзінде жарық көрген кітаптарда 40 тарау жариялады. Ол осы уақытқа дейін АҚШ-тың 40 патентін қамтамасыз етті.

Доктор М.И. Чоудхаридің жұмысына дүниежүзіндегі зерттеушілер 30 000 рет сілтеме жасаған және оның h-индексі 70. Қазіргі уақытта оның жетекшілігімен 98 ұлттық және халықаралық ғалымдар PhD дәрежесін алды.

М.И. Чоудхари ғылым докторы, Ph.D және химия ғылымдарының кандидаты. Ол Пәкістанның Үкіметтінің Хилал-е-Имтиаз, Ситара-е-Имтиаз және Тамга-е-Имтиаз жоғарғы наградаларының иегері. Сонымен қатар, ол Мұстафа премиясының, ЭКО сыйлығының, Хаварзими сыйлығының, COMSTECH сыйлығының, TWAS жас ғалым сыйлығының және профессор Абдус Салам сыйлығының лауреаты.