Әзербайжан Президенті Өзбекстанға барды

2022-06-22 14:22:09 22

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен 21 маусымда Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Өзбекстанға мемлекеттік сапармен келді. Бұл туралы Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әзербайжан Президентінің мемлекеттік сапары Ташкент қаласында Гейдар Әлиев атындағы жаңартылған көше мен ескерткіш барельефтің ашылуымен басталды.

Салтанатты рәсімге екі елдің Президенттері қатысты.

Бұдан кейін "Куксарой" резиденциясында Президенттердің ресми кездесуінің салтанатты рәсімі өтті.

"Куксарой" резиденциясында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев пен Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев шағын форматта кездесу өткізді.

Мемлекет басшылары өзбек-әзербайжан көпқырлы стратегиялық әріптестік қатынастарын одан әрі кеңейту туралы пікір алмасты.

Екі ел Президенттері аймақаралық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен іскерлік және мәдени іс-шаралар өткізу, туристік алмасуды арттырудағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

Осыдан кейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген форматта келіссөздер жүргізді.

Келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, атап айтқанда, мәдениет және кино күндерін өткізуге, жоғары оқу орындары, ғылыми мекемелер, спорт және жастар ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған басқа да бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілді.

Куксаройда өткен жемісті келіссөздердің нәтижесі бойынша құжаттарға қол қою рәсімі өтті.

Президенттер Шавкат Мирзиёев пен Ильхам Әлиев Өзбекстан және Әзербайжан арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдету мен жан-жақты ынтымақтастықты арттыру туралы Декларацияға қол қойды.

Сондай-ақ, мемлекет басшыларының қатысуымен екі елдің Үкіметтері, министрліктері мен ведомстволары арасында 18 құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, олардың қатарында өңірлер арасындағы өнеркәсіп, халықаралық автомобиль қатынасы, заңсыз көші-қонға қарсы күрес, карантин және өсімдіктерді қорғау, әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық, сондай-ақ туризм саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы туралы туралы келісімдер бар.

Кездесу соңында Өзбекстан және Әзербайжан Президенттері келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.