Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің кезекті V отырысында түркі әлемінің ортақ оқулықтары, атап айтқанда «Ортақ түрк тарихы», «Ортақ түрк әдебиеті» және «Түркі әлемі географиясы» оқулықтары бойынша қорытынды шешім қабылданды.
Бауырлас елдер арасындағы білім саласы бойынша ынтымақтастықты арттыруға бағытталған оқулықтар Түркі елдері мемлекет басшыларының қатысуымен өткен Саммитте берілген тапсырмаға сәйкес басталған еді.
2021 жылы Ыстамбұлда өткен Ғылым кеңесінің 4-отырысында Түркияның ұсынысына сай оқулықтардың мәтіндерін мақұлдау жөнінде 2022 жылдың 16-18 мамыр күндері сарапшылардың басқосуы өтіп, «Ортақ түрк тарихы», «Ортақ түрк әдебиеті» және «Түркі әлемі географиясы» оқулықтарының мәтіні сарапшы мамандар тарапынан мақұлданды.
Ежелгі түркі халықтарының XV ғасырға дейінгі тарихын қамтитын «Ортақ түрк тарихы» оқулығы 7 бөлімнен тұрады. Онда түбі бір түркі халықтарының егжей-тегжейлі тарихы баяндалған.
«Түркі әлемі географиясы» атты оқулықтың мазмұны жалпы түркі әлемінің географиялық бейнесін қалыптастыруға, түркілердің географиялық түсініктері мен идеяларын зерделеуге, сондай-ақ тәуелсіз түркі елдерінің географиясын зерделеуге бағытталған.
«Ортақ түрк әдебиеті» оқулығы оқушыларға түркі әдебиетінің ерте кезеңінен бастап қазіргі ұлттық әдебиеттері негізінде ортақ түркі әдебиеті мен ортақ мәдени құндылықтар туралы түсінік беруге арналған.
Айта кететін жайт, бұған дейін «Ортақ түрк тарихы» Әзербайжан, Қазақстан және Түркия елдерінің 8-сынып мектеп оқушыларына факультативті бағдарлама ретінде оқытылып келді.
Биыл Нұр-Сұлтан қаласында өткен Ғылыми кеңесте қабылданған қорытынды Хаттамаға сәйкес, тараптар ортақ оқулықтардың бағдарламалары мен мәтіндерін бекітіп, оларды өз елдерінің орта білім беру мекемелерінде оқытылуын қамтамасыз ету және «Ортақ түрк тарихы», «Ортақ түрк әдебиеті» және «Түркі әлемі географиясы» пәндерінің оқушылар арасында танымал болуы мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырады.
Тарихи жиынға Түркі мемлекеттер ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі, Әзербайжан Республикасының Білім министрі Эмин Амруллаев, Қазақстан Республикасының Ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, Қазақстан Республикасың Ғылым және жоғарғы оқу министрі Саясат Нұрбек, Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрі Алмазбек Бейшеналиев, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбеков Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Өзбекстан елдерінің Қазақстандағы Елшілері мен Түркия Елшілігінің өкілдері қатысты.