Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуі өтті.
Консультативтік кездесуге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысып, сөз сөйледі.
Өңірлік қауіпсіздікке төнетін заманауи қауіп-қатерлерге бірлесіп әрекет ету бойынша өзара іс-қимылды нығайту, тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында өңірлік ынтымақтастықты кеңейту перспективалары, Орталық Азия мемлекеттерінің белсенді мәдени-гуманитарлық алмасуын жалғастыру мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінің бірлескен мәлімдемесі, Өңірлік ынтымақтастықты дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған жол картасы, Орталық Азия мемлекеттерінің көпжақты форматтар аясындағы өзара іс-қимылдар тұжырымдамасы, Орталық Азияға арналған «Жасыл күн тәртібі» аймақтық бағдарламасы қабылданды. Бұдан бөлек Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарт келісілді және оған қол қою рәсімі басталды. Сонымен қатар Аралды құтқару халықаралық қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының Аралды құтқару халықаралық қоры президентінің өкілеттіктерін ұзарту туралы шешімге қол қойылды.