Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) кезекті саммиті 2022 жылдың 11 қараша күні Самарқанд қаласында өтеді. Бұл туралы Әзербайжан, Өзбекстан және Түркия елдерінің Сыртқы істер, экономика және көлік министрлерінің Ташкентте өткен алғашқы үшжақты кездесуінен кейінгі баспасөз мәслихатында Түркия Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоғлу мәлімдеді.
Саммит барысында ТМҰ төрағалығы Түркиядан Өзбекстанға өтеді.
Айта кетейік, бұған дейін Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесі (Түркі кеңесі) деп аталған Түркі мемлекеттері ұйымы 2009 жылы 3 қазанда Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия арасында қол қойылған Нахчыван келісімі негізінде құрылды. 2018 жылы Өзбекстан ұйымның толыққанды мүшесі аталды. Ал Мажарстан мен Түрікменстан бақылаушы мәртебесіне ие. Былтыр 12 қарашада Ыстанбұлда өткен Саммитте Түркі кеңесінің атауы Түркі мемлекеттері ұйымы болып өзгертілді.