Құтлық Елтеріс қағанның кешені мен жазуы табылды

2022-08-24 19:34:41 3311

Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының бірлесіп жүргізген Архангай аймағы, Номғон жазығындағы ғылыми археологиялық экспедициясы жұмыстарының нәтижесінде Құтлық Елтеріс қағанға арналған кешен табылды. Осыған орай, Ұланбатыр қаласында Түркі академиясы арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.

БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде Халықаралық Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі, Моңғолия Ғылым академиясының Тарих, археология институтының директоры Г. Эрэгзэн, Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері Н. Базылхан, Моңғолия Ғылым академиясы Тарих, археология институтының Ортағасырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекішісі А.  Энхтөр, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ғ. Қойшыбаев, Түркия Республикасының Моңғолиядағы Елшісі З. Атеш, Мажарстанның Моңғолиядағы Елшісі Б. Обрушанская, дипломатиялық миссия қызметкерлері ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Баспасөз мәслихаты барысында Д. Қыдырәлі Халықаралық Түркі академиясының Моңғолияда жүргізіп жатқан зерттеу жұмыстарымен таныстырып, биылғы «Номгон-2022» бірлескен экспедициясының Құтлық Елтеріс қағанға арналған ескерткіш кешенін анықтағанын мәлімдеді.

«Бүгін сіздермен қуанышты жаңалығыммен бөліскелі отырмын. Биылғы экспедицияның нәтижесінде Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түрік қағандығын қайта жаңғыртушы Құтлық Елтеріс қағанға арналған кешен мен жазба ескерткіші табылып отыр.  Түркі дәуірінің құнды жәдігерінде «түрк» атауы алғаш рет кездесетін ең көне жазба ескерткіш екенін атап өткім келеді», — деді Академия басшысы.

Академия басшысы тың жаңалықты ашқан экспедиция мүшелеріне және осы жұмысқа қолдау білдірген Моңғолия Ғылым академиясына ризашылығын білдірді. 

Өз кезегінде Моңғолия Ғылым академиясы Тарих, археология институтының директоры Г. Эрэгзэн Номғон жазығында жүргізген ғылыми археологиялық экспедициясының нәтижелері туралы баяндап берді. Ол Номғон кешенін Моңғолияда табылған көне түркі дәуіріне қатысты соңғы жылдардағы ең маңызды жаңалық екенін атап өтті.

Бұдан кейін сөз алған экспедиция мүшелері, археолог Н. Базылхан мен А.Энхтөр жаңадан ашылған ескерткіштің ерекшеліктеріне тоқталды.

Сонымен қатар, жиынға арнайы келген Елшілер тың жаңалықты ашқан Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының еңбегін жоғары бағалап, алдағы зерттеу жұмыстарының табысты болуына тілектестік білдірді.

Кешеннің жалпы аумағы 49х41.5 м жерді алып жатыр. Батыстан шығысқа қарай сопақша болып созыла орналасқан кешенді айналдыра қоршап ор қазып, одан шыққан топырақты үйіп қамал жасаған.

Кешеннің батыс жағында ортасында ойығы бар текше тас (альтар), адамның тас мүсіндері, қасында екі күшігі бар арыстан мүсіні және екі қой мүсіні орналасқан. Кешеннің қақпасынан шығысқа қарай 51 балбал тас тізіле орналасқан. Олардың ішінде бес балбалдан Ашина әулетіне тиесілі «таутеке» таңбасы анықталды.


Сонымен қатар кешенде барықтың (табыну орны) болғанын айқындайтын қыш жабындылар мен жаяу жүргінші жолына төселген кірпіштердің қалдықтары қазылып алынды.

Барықтың алдынан еңселі жазба ескерткіштің жоғарғы бөлігі мен тасбақа тұғыры табылды. Табылған құнды олжаның екі бетінде 12 жолдан тұратын көне түрік бітік жазуы, ал үшінші қырында көне соғды жазуы қашалған. Экспедицияға қатысушы ғалымдар ескерткіш мәтінінен “Тәңір”, “түрк”, “Құтлық”, “түмен” секілді бірқатар сөздерді анықтады. Жазба мәтінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Номгон кешенін Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түрік қағандығын қайта жаңғыртушы Құтлық Елтеріс қағанға арналған деген тұжырым жасалып отыр. Бұған қоса, бітіктас «түрк» атауы алғаш рет кездесетін ең көне түркі дәуірінің жазба ескерткіші саналады.

Жалпы алғанда, Номғон ғұрыптық кешені барлық белгілері жағынан Білге қаған мен Күлтегін ғұрыптық кешендеріне ұқсас. Номғон жазба ескерткіштің жоғарғы тұсында төмен қараған денесі айдаһар бейнесіндегі екі бөрінің басы бейнеленген. Дәл осындай қағандық атрибутикалардың — айдаһар денелі, бөрі басты сюжеттің Таспар қаған, Білге, Күлтегін және басқа ескерткіштерінің жоғарғы тұсында қашалғаны белгілі. Номгон жазуы Орхон ескерткіштері сынды мемлекеттік деңгейдегі маңызды ескерткіш саналады.

Академия Номғон ғылыми экспедициясының нәтижелеріне арналған ғылыми жинақ әзірлеп, түркі мемлекеттерінің астаналарында таныстыратын болады. Моңғолиядағы түркі дәуірінің ескерткіштерінде қазба жұмыстары алдағы уақытта жалғаса береді.

Айта кету керек, Номғон жазығындағы зерттеу жұмыстары 2019 жылы басталған болатын. Алайда «Covid-19» пандемиясы салдарынан екі жыл бойы тоқтап қалған «Номгон» бірлескен экспедициясы 2022 жылдың шілде айында қазба жұмыстарын қайта жалғастырды.

«Номгон-2022» бірлескен экспедицияның құрамында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, белгілі түрколог Нәпіл Базылхан, Нұрболат Бөгенбаев, Моңғолия ҒА Археология институты Археологиялық зерттеу орталығының директоры, академик Дамдинсүрэнгийн  Цэвээндорж (1949-2022), Моңғолия ҒА Тарих, археология институты Ортағасырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекшісі  Алтангэрэлийн  Энхтөр,  археологтар Цэрэнхандын Буянхишиг, Гончигийн Батболд және Нарантуяагийн Цэнгэл, Мөнхсайханы Ууганбаяр археологиялық зерттеу жұмыстарына қатысты. 

Бұған дейін Түркі академиясы Моңғолиядағы Шивээт-улан ескерткішінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. 2016 жылы аталған алқапқа арнайы экспедиция ұйымдастырды. Құтлық қағаннның тұсында салынған салтанатты кешеннен таңбалар, түрлі артефактілер табылып, олардың мерзімі анықталды. 2018 жылы кешеннің жан-жағы қоршалып, қамқорлыққа алынды. Осы жұмыстардың жалғасы ретінде 2019 жылы Номғон экспедициясы басталды.