ҚАЗҰУ-да түркология жаңалықтары талқыланды

2022-09-05 12:47:13 67

3 қыркүйек күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Номгон мемориалдық кешенін тапқан экспедиция мүшелері – Халықаралық түркі академиясының ғылыми қызметкері Нәпіл Бәзілхан мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институты Ортағасырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекішісі  Алтангэрэлийн  Энхтөрдің қатысуымен «Құтлық қаған жазуы – ғасыр жаңалығы» атты ғылыми-теориялық дөңгелек үстел өтті.

Басқосуға Қазақстанның түркология саласының белгілі ғалымдары, оқытушы-профессорлар мен білім алушы жастар қатысты.

Алқалы жиынды Халықаралық түркі академиясы ҚазҰУ-дың филология және тарих факультетімен бірлесіп ұйымдастырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев шараны ашып, түркі тарихынан сыр шерткен ғылыми жаңалықтың маңызына тоқталды.

«Моңғолияның Архангай аймағы, Номгон жазығындағы ғылыми археологиялық экспедиция жұмыстарының нәтижесінде табылған Құтлық Елтеріс қағанның кешені мен жазуы – түркология ғылымындағы үлкен олжа», – деп атап өтті ректор. Бұл жаңалықтың түркітілдестердің  түп-тұқиянынан бүгінге дейінгі тарихи жолына жаңаша көзқараспен қарауды талап ететінін жеткізді.

Жиында Номгон жазығындағы кешендерді алғаш анықтаған танымал археолог ғалым Алтангэрэлийн Энхтөр сөз алып, Халықаралық Түркі академиясымен бірлескен археологиялық зерттеулердің кейбір нәтижелерімен таныстырды. Ол тарихи мекенді «Моңғолияның Архангай аймағы, Хашаат сұмыны, Номгон  жазығында тоғыз көне түрік ғұрыптық кешендер орналасқан. Осы жазықтан батыс солтүстікте Их Номгон тауы, шығыс оңтүстікте Бага Номгон тауы жазық даланы екі тарапынан қоршаған іспетті көрінеді. Кешендердің солтүстік тұсында Хөгнө-Хан деген үшкір шыңдары бар биік тау орналасқан. Осы таудың алдыңғы тұсы оңтүстігінде «Құм үзінділері» деп аталатын таза құм төбешіктері батыстан шығысқа қарай бірнеше шақырымға созылып жатыр», – деп сипаттады.

Ғалымның айтуынша, алғашқы кешендер 2001 жылдан бастап сызбаға түсірілген және бұл кешендердің тас мүсіндері мен ескерткіштері ары-бері тасылып, алғашқы орындарынан көп өзгерген. Моңғолиядағы түркі дәуірінің ескерткіштерінде қазба жұмыстары алдағы уақытта жалғасатын болады.

Дөңгелек үстелге қатысушылар ғасыр қойнауынан оралған бұл көне жәдігерлерді түркі жұрты ғана емес, жалпы өркениетті адамзат қауымы үшін баға жетпес құндылық екенін айтты. Ғалымдар алда жаңа табылған көне жәдігерді жан-жақты зерттеп, текстологиялық жағынан жүйелеу міндеті тұрғанын алға тартты.

Сондай-ақ сала мамандары өз сөздерінде түркі тілдерін зерттеу, Орхон, Енисей, Талас жазба ескерткіштері мәтінін түпнұсқадан қайта оқу, түркі тілдерінің сабақтастығын көрсету сынды түркологияның өзекті мәселелерін қозғап, өз пікірлерін ортаға салды. Түркілік ортақ қазынаны молайту мақсатында зерттеулерге бірлесе атсалысу ұйғарылды.