«Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы және жаңа қазақстанның зияткерлік сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

2022-09-06 00:47:55 65

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған шара «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы және жаңа қазақстанның зияткерлік сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Алқалы жиын Нұр-Cұлтандағы Қаламгерлер аллеясында Алаш қайраткерлері ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды.

Салтанатты  рәсімге Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Даурен Абаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов, зиялы қауым және ғылыми интеллегенция өкілдері қатысты.

Биыл ұлт ұстазы - Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде кеңінен аталып өтуде.

Бұдан кейін тағылымды шара Л.Н. Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университетінде ғылыми конференциямен жалғасты.  Алқалы жиынды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Халықаралық түркі академиясы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, ҚР ҒЖБМ тіл саясаты комитетімен бірлесіп өткізді.

Конференцияның пленарлық отырысына Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі, ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев,  Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов, Халықаралық Түркі академисы президентінің міндетін атқарушы Физули Маджидли, сонымен қатар АҚШ, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түрікменстан, Татарстан, Башқұртстан, Польша, т.б. елдердің ғалымдары қатысып, баяндама жасады.

Жиында сөз алған Ф. Маджидли өз  баяндамасында А. Байтұрсынұлының М.Ф. Ахундзаде, И. Гаспыралы және 19-20ғғ. түркі әлемінің басқа да қайраткерлерімен ұқсастығын атап өтті.

 

Сондай-ақ ол әліпбиді реформалау мәселелеріне, қазіргі түркі тілдерінің терминологиялық жүйелерін жақындастыру, сондай-ақ түркі тілдерінің қазіргі заманғы ортақ сөздігін жасау туралы ойларымен бөлісіп, конференция қатысушыларына табысты жұмыс тіледі.

Іс-шара аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің «Ахмет Байтұрсынұлы мен Алаш зиялылары туралы жаңа мұрағат деректері» атты таныстырылымы және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықовтың «Ахмет Байтурсынов – учитель нации» атты кітабының тұсаукесері өтті.