Нұр-Сұлтанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтуде

2022-09-15 13:45:45 19

14 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өз жұмысын бастады.

Форумға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ватикан және Католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Франциск, «Әл-Азһар» көне ислам университетінің жоғарғы имамы Шейх Ахмад ат-Тайеб, орыс православ дінінің өкілдері, Израильдің Бас ашкеназ раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф, сондай-ақ 50-ден астам елдің өкілдері, беделді саясаткерлер, ислам, христиан, иудаизм, буддизм және басқа конфессиялардың көшбасшылары қатысты.

Съездтің негізгі тақырыбы «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» деп айқындалған.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің жұмысы дұға бағыштау үшін бір минут үнсіздікпен басталды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөз сөйледі. «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» пленарлық отырысын ашқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін әлемнің ең құрметті рухани көшбасшыларын бірге жинап, диалог орнату үлкен құрмет екенін атап өтті.

«Біздің шақыруымызды қабыл алып, Қазақстанға келгендеріңіз үшін бәріңізге алғыс айтамын. Бұл бейбітшілікті сақтауға және өркениетаралық диалогты нығайтуға бәріміздің мүдделі екенімізді көрсетеді. Өзгеріске толы әрі белгісіздік белең алған қазіргі заманда бүгінгі басқосудың айрықша мәні бар. Біздің съезд өркениетаралық диалог орнататын жаһандық деңгейдегі алқалы жиынға айналды. Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Құттықтау сөздерінен кейін бірқатар дін қайраткерлері «Дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығымен» және Съездің Құрмет медалімен марапатталды. 15 қыркүйекте жиынның қорытынды құжаты қабылдынып, салтанатты жабылу рәсімі өтеді.

Съезд аясында форумның секциялық отырыстарында бірқатар өзекті тақырыптарды қарастыру жоспарлануда. Іс-шара төрт секция бойынша өтеді. Атап айтқанда «Діндердің қазіргі әлемдегі рухани және моральдық құндылықтарды нығайтудағы рөлі»,  «Білім мен діни ағартудың діндер мен мәдениеттердің сыйластықта қатар өмір сүру және бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы рөлі»,  «Діни лидерлер мен мемлекет қайраткерлерінің жаһандық дінаралық диалог пен бейбітшілікті ілгерілетуге, экстремизмге, радикализмге және терроризмге қарсы іс-қимылға қосқан үлесі», «Әйелдердің қазіргі қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі және әйелдердің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қоуымдастықтардың рөлі» деп аталады.

Алқалы жиынға 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саяси және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдар мүшелері келді.

Қазақстан астанасына көптеген шетелдік БАҚ өкілдері келді. Ресми мәліметтерге сәйкес, 200-ге жуық шетелдік журналист тіркелді, олардың ішінде Euronews, BBC, CNN, Bloomberg, Al Jazeera және басқа танымал арналар бар.