Халықаралық Түркі академиясы Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы шиеленіскен жағдайға алаңдаушылық білдіріп, атысты тоқтатуға, бейбіт жолмен реттеуге және келіссөздер арқылы жағдайды тезірек тұрақтандыруға шақырады.
Түркі академиясы бейбіт тұрғындарға және азаматтық инфрақұрылымдарға, сондай-ақ білім беру мекемелеріне қарсы адам өліміне әкеп соқтырған ауыр қару-жарақ қолдану әрекеттерін айыптайды және қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады.
Түркі академиясы тараптарды көршілес екі елдің мемлекеттік шекараларындағы шиеленістің одан әрі ушығуының алдын алу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға шақырады. Біз тараптардың қазіргі дағдарысты еңсеру және өз халықтары мен өңірдегі барлық елдердің игілігі үшін қақтығыстарды болдырмауға қажетті қадамдар жасайды деп сенеміз.
Физули Меджидли, Халықаралық Түркі академиясы президенті міндетін атқарушы