3 қазан күні Халықаралық Түркі академиясы президентінің міндетін атқарушы Ф. Мәжидли Түркия Ұлттық білім министрі Махмұт Өзермен кездесті.
Кездесу барысында тараптар өзара ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, ортақ оқулықтар бойынша атқарылаған жұмыстар мен Номғон экспедиция туралы сөз болды.
Министр М. Өзер Халықаралық Түркі академиясының тілі мен ділі, тарихы мен мәдениеті ортақ түбі бір халықтардың бекем бауырластығын нығайту бағытында атқарып келе жатқан жұмыстарына ризашылығын білдірді. «Түрік академиясының білім және ғылым саласында атқарып жатқан жұмыстары біздің халықтарымыздың жастарына бірін-бір жақынырақ тануға мүмкіндік беріп, тез түсінісуге және берік мәдени байланыстар орнатуға көмектеседі деп сенемін», – деді ол.
Осы тұрғыда ол тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған ортақ оқулықтарды мектептерде тиімді оқыту жұмыстарына тиісті құрылымдық ұйымдармен бірлесіп министрлік тарапынан бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.
«Қазіргі таңда «Ортақ түркі тарихы», «Түркі әлемінің географиясы» және «Ортақ түркі әдебиеті» пәндері орта білім беру мекемелері бағдарламаларына енгізіліп, апталық сабақ кестесіне қойылды. Осылайша аталған пәндер 2022-2023 оқу жылынан бастап орта білім беру ұйымдарында таңдау пәні ретінде 9-шы, 10-шы және 11-шы сыныптарда оқытыла бастады. Өздеріңіз білетіндей, министрліктің ұйымдастыруымен 16-18 мамыр күндері Ыстанбұлда осы оқулықтарды талқылауға арналған бірлескен семинарды табысты өткіздік. Семинар соңында ортақ оқулықтарды тиісті комиссиялар мақұлдады. Комиссия құрамына Түркі академиясына мүше барлық елдердің сарапшылары кірді. 2022 жылғы 24 маусымда Астана қаласында өткен Халықаралық Түркі академиясының Ғылыми кеңесі отырысында мүше елдердің Білім министрлері ортақ оқулықтарды қабылдау туралы хаттамаға қол қойды», – деп атап өтті М. Өзер.
Сондай-ай Білім министрі: «Бауырлас елдер арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықты дамытуды мақсат еткен бұл қадамға айрықша назар аударып отырмын. Ортақ оқулықтарды толық іске асырудың нәтижесінде біз ынтымағымыз жарасқан елдер ретінде әлемге өнегелі үлгі көрсете аламыз» деп атап өте келе, аталған ауқымды жобаға атсалысқан тараптарды, соның ішінде Халықаралық Түркі академиясын құттықтады.
Өз кезегінде Халықаралық Түркі академиясы президентінің міндеті атқарушы Ф. Мәжидли Білім министрлігінің ұдайы қолдауына рахмет айтып, ортақ түркі тарихы, әдебиеті және географиясы пәндерін оқу бағдарламасына қосу жөніндегі баянды бастамасына зор ризашылығын білдірді.
«Бұл ортақ оқулықтарды оқыту біздің ортақ санамызды қалыптастырады. Интеграцияның негізі ортақ санадан басталады. Ал ол мектеп қабырғасында негізі қалана бастаса, өміршеі болар еді. Мен бұл үшін сізге ерекше алғыс айтқым келеді. Себебі Академия сіздің төрағалығыңызбен өткен бірлескен семинарларда осы іргелі жобаны қорытындылады», – деді ол.
Білім министрі Түркі академиясы мен Моңғолияның Археология институтымен бірлесіп жүргізілген Номғон экспедициясы нәтижесінде табылған Түркі қағандығын қайта жаңғыртқан Елтеріс Құтлық қаған кешені туралы хабарды қуанышпен қабыл алғанын жеткізді.
«Бұл Моңғолия алқабында 1889 және 1897 жылдары табылған Орхон және Білге Тоныкөк жазуларынан кейінгі үшінші маңызды жаңалық болып отыр. Бұл Түркия ғалымдары үшін де тарихи маңыз зор жаңалық. Сондай-ақ, түркі әлемінің мәдени мұрасын толықтыра түсетін құнды жәдігер болып табылады. Сондықтан түркі-моңғол дәуірінің маңызды тарихи-мәдени мұраларын іздестіру және оларды сақтау біздің бауырлас елдеріміз бен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді», – деп атап өтті М. Өзер.
Бұған қоса, министр тамырлас елдердің ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықты үйлестіру, ортақ тарих, тіл және әдебиет бағытында ғылыми-зерттеулер жүргізу, өзге халықаралық ұйымдармен әріптестік байланыстар орнату, конференциялар мен маңызды археологиялық экспедицияларды ұйымдастыру, сонымен қатар түркі әлемінің ғылыми қазынасын дүниежүзіне насихаттау қатарлы міндеттерді абыройлы атқарып келе жатқан Түркі академиясының жалпы түркі интеграциясындағы маңызды құрылым екеніне назар аударды.
«Академия ғылыми ынтымақтастық арқылы дүние жүзіндегі туыс халықтар мен мемлекеттердің арасындағы бауырластық байланыстарды одан әрі нығайтуға күш сала береді деп сенемін және сәттілік тілеймін», – деді Министр.
Кездесу соңында Ф. Мәжидли министр М. Өзерге жылы қабылдауы үшін зор ризашылығын білдіріп, арнайы құрмет көрсетті.
Айта кету керек, кездесуге Түркия Ұлттық Білім министрлігінің орынбасары Петек Ашкар, Еуроодақ істері және халықаралық қатынастар департаментінің бас директоры Хасан Унсал, хатшылық басшысы Мұстафа Гелен, Халықаралық ұйымдар департаментінің басшысы Эмине Эроглу, бөлім бастығы Илхан Аксой, Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының ортағасырлық археологиялық зерттеулер секторының басшысы Алтангэрэлийн Энхтөр, Түркі академиясының сарапшылары Напил Базылхан мен Дінмұхаммед Әметбек қатысты.