Түркияның Эрзинджан қаласындағы Бинали Йылдырым университетінде өтіп жатқан түркі әлемі халықаралық симпозиумының “Бекир Сидки Чобанзаде” сессиясында Халықаралық Түркі академиясының президенті міндетін атқарушы Фузули Мәжидли "Түркі әлеміндегі ғылыми интеграция мәселелері және оларды шешу бойынша ұсыныстар" тақырыбында баяндама жасады.
Ф. Мәжидли өз баяндамасында ортақ академиялық тіл және ортақ әліпби мәселелері, ғалымдар арасында жүйелі байланыс орнату, ортақ терминдер мен академиялық сөздіктер жасау, сондай-ақ ортақ ақпарат кеңістігін қалыптастыру секілді мәселелерді қозғап, оларды шешу жолдары туралы ойларын ортаға салды. Осы орайда ол Түркі академиясында атқарылып жатқан жобаларға тоқталып: "Академияның ең маңызды мақсаттарының бірі түркі әлемінде ортақ ақпарат кеңістігін құру. Бұл ақпараттық кеңістік білімнен ғылымға дейінгі, балабақшадан БАҚ ұйымдарына дейінгі барлық саланы қамтитын болады. Бұдан болек Түркі академиясы жүргізген Түркобарометр зерттеулерін тиімді пайдалану қажет" деді.
Бұдан бөлек, Академия президентінің міндетін атқарушы Ф. Мәжидли симпозиумның екінші күні өткен "Джеват Хейет" сессиясына модераторлық етті.