Түркі академиясының делегациясы Назарбаев Университетінің жұмысымен танысты

2022-10-14 19:36:41 103

Бүгін Халықаралық Түркі академиясының президенті міндетін атқарушы Фузули Мәжидли бастаған делегация Назарбаев университетіне арнайы барып, оқу орнының жұмысымен танысты.

Делегациямен кездескен Назарбаев университетінің студенттер істері және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президенті Қадиша Даирова білім ордасындағы ғылыми жобалар туралы баяндап берді.

Сонымен қатар, кездесуге Назарбаев Университетінің Жаһандық қатынастар офисінің директоры Алия Каймолдинова, Қазақ тілі және түркология департаментінің меңгерушісі, профессор Юлай Шамилоғлу, доцент Фунда Гүвен, Түркі академиясының ғылым және сараптама бөлімдерінің қызметкерлері Тимур Козырев, Нурдин Усеев, Дінмұхаммед Әметбек қатысты.

Кездесу барысында тараптар ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, түркі мемлекеттеріндегі жас ғалымдардың түркология бағыты бойынша өзара тәжірибе алмасу мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.

Академия басшысының міндетін атқарушы Ф.Мәжидли өз кезегінде Түркі академиясы алдағы уақытта ғылыми ізденушілер мен докторанттарға қолдау көрсетуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Университеттің вице-президенті Қадиша Даирова мұндай ұсынысын әлем университтерінің тәжірибелерінде қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы мәліметтерімен бөлісіп, Академияның бастамасына қолдау білдіретінін айтты.

Кездесу соңында тараптар аталған бастаманы нақты жүзеге асыру үшін бірлескен жұмыс тобын құруға уағдаласты.