Бүгін Халықаралық Түркі академиясының президенті міндетін атқарушы Фузули Мәжидли Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бейлур бастаған делегациямен кездесті.
Кездесуге сонымен қатар, Түркі академиясының тұрақты хатшысы Асхат Кесікбаев, Еуразия зерттеу институты директорының орынбасары Женгисхан Жаналтай, Еуразия зерттеу институтының ғылыми қызметркелерлері Өмірбек Қанай, Алмас Жүнісбай, Түркі академиясының ғылым және сараптама бөлімдерінің қызметкерлері Тимур Козырев, Нурдин Усеев, Дінмұхаммед Әметбек қатысты.
Екі жақты кездесу барысында Еуразия ғылыми-зерттеу институты мен Түркі академиясы арасында тұрақты әріптестік байланыс орнату мәселелері талқыланды. Академия басшысының міндетін атқарушы Ф. Мәжидли ұйымның мақсаты мен қызметі туралы кеңінен мәлімет беріп, белгілі ғылыми-зерттеу орталықтарымен бірлесіп ұйымдастырылған іс-шаралар жөнінде айтты.
Өз кезегінде делегация жетекшісі Суат Бейлур Еуразия ғылыми-зерттеу институтының қолға алған бастамаларына тоқталды. Ол Түркі академиясы жүзеге асырған жобаларға жоғары баға беріп, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының Академиямен ынтымақтастық орнатуға ынталы екенін жеткізді.
Кездесу соңында Ф. Мәжидли Суат Бейлурге Академия шығарған бағалы басылымдарды сыйға тартты.