15 желтоқсанда Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өткен «Түрк өркениеті және жаһандық мәдениет: Елтеріс Құтлық қаған бітіктасы» форумына қатысушылар түркі әлемінің тұғырлы тұлғаларына тағзым етіп, еске алды. Атап айтқанда Сен-лу мазарында жерленген әзербайжан халқының біртуар ұлдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері Алимардан-бек Топчибашев пен Джейхун Гаджибейлидің басына барып тағзым етті.
Сонымен қатар, қатысушылар Париж маңындағы Ножан-сюр-Марн қаласында орналасқан көрнекті саяси тұлға Мұстафа Шоқайдың ескерткішіне гүлшоқтарын қойды.
Тағылымды шараға Түркі академиясының президенті Шаһин Мустафаев, Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Бас хатшысы Мехмет Сурея Ер, Халықаралық Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Сұлтан Раев, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бас хатшысы Қарайрат Сарыбай, ТМҰ Мажарстан өкілдігі кеңсесінің атқарушы директоры Янош Ховари, ЮНЕСКО істері жөніндегі Түркия ұлттық комиссиясының төрағасы Оджал Огуз бауырлас елдердің дипломатиялық миссия өкілдері, сондай-ақ түркі елдерінің зиялылары мен ғалымдары қатысты.
Айта кету керек, 15 желтоқсанда Түркі академиясы ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркияның ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияларымен бірлесіп Моңғолияда жүргізген «Номғон» экспедициясының нәтижесінде табылған Құтлық қаған кешені мен жазба ескерткішінің халықаралық таныстырылымына арналған форум өткізді. Шара түркі тілі күніне орайластырылды.