Бүгін Түркі академиясының президенті Шаһин Мустафаев Астана қаласына іссапармен келген Түркі мәдениетін дамыту халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті.
Екі жақты кездесу барысында тараптар күн тәртібіндегі маңызды жобаларды талқылап, бірлескен іс-шаралар жөнінде пікір алмасты.
Академия басшысы Ш. Мустафаев болашақ жоспарлармен бөлісіп, ұйымның алдағы бағыт-бағдары туралы ақпарат берді.
Өз кезегінде Бас хатшы С. Раев Ш.Мустафаевты жаңа лауазымымен құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар ол Түркі академиясының түркі әлемінің ғылыми интеграциясы бағытындағы жұмысын жоғары баға беріп, ғылым және білім бағытында бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу соңында Ш. Мустафаев мәртебелі мейманға ризашылығын білдіріп, Академияның бағалы басылымдарын тарту етті.