Бүгін Түркі академиясы Астана қаласында өтіп жатқан Орталық Азия медиафорумы аясында «Халықаралық ұйымдар – ынтымақтастық арқауы» атты арнайы панелдік сессия ұйымдастырды.
Сессия жұмысына Түркі мемлекеттері ұйымының алғашқы бас хатшысы Халил Ақынжы, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркі мәдениеті және мирасы халықаралық қорының президенті Гүнай Эфендиева, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) бас хатшысы Қайрат Сарыбай қатысып, халықаралық ұйымдардың ынтымақтастықты арттырудағы рөлі туралы пайымды пікірлерімен бөлісті.
Алқалы жиынды Түркі академиясының президенті Шаһин Мустафаев жүргізіп отырды.
Академия басшысы өз сөзінде болашақта мұндай форумның сарапшылар үшін маңызды пікірлесу алаңына айналатынына сенетінін атап өтті.
Халықаралық ұйым басшылары жаһандық және өңірлік деңгейдегі өзекті мәселелерді шешуде ынтымақтастықтың ықпалы зор екен айтты. Сонымен қатар, панельдік сессияға қатысушылар ғылым, білім, мәдениет және ақпарат саласындағы бекем байланыстарды нығайта түсудің маңызына тоқталды. Атап айтқанда, спикерлер терең тамырластық пен ортақ мұра арқылы тығыз байланысқан түркі әлемі мен Орталық Азия елдері арасындағы бауырластық байланыстарды арттырудың әлеуеті мол екенін атап өтті.